ТҰҚЫМ ӨСІРУДІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Жаздың жайдары күнінде Ескелді ауданының «Хильниченко и К» КС-нің аумағында тұқым шаруашылығы күздік бидай түрлерінің агротехнологиясы бойынша көшпелі семинар-тренинг өтті.

Семинарға аймақтың агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері, облыс, аудан, ауылдық округ әкімдерінің ауыл шаруашылығын қадағалайтын басшылары мен орынбасарлары «Безостая 100» күздік бидайының агротехнологиясымен танысты. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу мақсатында семинарға көршілес Көксу, Алакөл, Сарқан, Ақсу, Қаратал, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласының мамандары қатысты.

Семинардың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров жаңа технологияларды қолданудың артықшылықтарын айтты. Сонымен қатар, сауда кеңістігінде бәсекелес бола алатын өнімдердің санын көбейту керектігіне мән берді. Ал аудан әкімі Бағлан Тәнекенов Ескелді ауданының 2018 жылы жеткен жетістіктеріне, соның ішінде қант қызылшасын өндіруден рекорттық көрсеткіш орнатқандарын еске салды: «Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 28 млрд. 115 млн. теңгені құрап, нақты көлем көрсеткіші 103,6% болды», — деді. Оған қоса алдағы уақытта дәнді-дақылдарды өсірудің жаңа технологиясын меңгеру міндет екенін айтты.

Оқыту семинарында «Адал» АӨК АҚ кеңесшісі Керімтай Абдрахманов «Тұқым» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын шикізатпен қамтамасыз ету қызметі туралы, Ресей Федерациясының П.П.Лукьяненко атындағы ҰЖО-ның өндірісі және ұйымдастырушылармен ынтымақтастық орнату туралы баяндама жасады.

Семинар тақырыбы бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов «Безостая-100» агробиологиялық сипаттамалары жайлы, «Хильниченко и К» КС-нің төрағасы Виктор Хильниченко өз тәжірибесінде жүгері, соя және басқа да дәнді-дақылдарды өсірудің тұрақтылығы туралы баяндады.

Жиын соңында А.Жазылбеков, Г.Нам, Қ.Блескелдинов, А.Дүйсенбінов, Е.Слямов, Н.Кенжебаев және т.б. білікті кәсіпкерлер сортты жаңғыртудың өзектілігі, дәнді-дақылдар мен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және тұрақты өнімді өсіруге қатысты өзіндік тәжірибелерімен бөлісті.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.