ПАРАПЛАНШЫЛАРЫ БІЗДЕ ӨНЕР КӨРСЕТУДЕ

Парапланерлық спорт — кеңістікте еркін қозғалыс пен биіктікке ұмтылыстың ұштасуы. Ол спортшыларға аспанға самғап ұшып, еркіндікті сезініп, өзін осы әлемнің шекараларынан тыс сезінуге мүмкіндік беретін таңғажайып спорт түрі. Сол себепті, бүгінгі күні парапланерлық спорт жастар мен жасөспірімдер арасында кең тарап келеді.

Ал маусымның 22 күні Екпінді ауылының «Тау Жетісу» кешенінің аумағында дәлме-дәл қону бойынша парапланерлық спорт түрінен Әлем кубогы басталды. Жарысқа ТМД, Еуропа және Азияның 24 мемлекетінен 124-ке жуық спортшы қатысып, өз бабы мен бағын сынауда. Атап айтқанда, Қытай, Чехия, Эстония, Франция, Үндістан, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Моңғолия, Нидерланд, Румыния, Ресей, Сауд Арабия, Сербия, Словения, Таиланд, Түркия, Украина, Солтүстік Кипр, Косово, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен осы спорт түрінің үздіктері, әлем чемпиондары мен дүниежүзілік әуе ойындарының жеңімпаздары келді.

Ашылу салтанатында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, олимпиадалық спорт түрлері және спорттық резервтер бөлімінің басшысы Саят Сарқытов жиналған көпшілікке ізгі тілегін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал облыстық экстремалды спорт федерациясының жетекшісі Игорь Виршки бұл жерде осы спорт додасының жыл сайын ұйымдастырылатыны дәстүрге айналғанын айтты: «Осындай парапланерлық спорт бойынша жарыс Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған болатын. Биыл  да  үлкен  дайындықпен бастау алып, қатысатын мемлекеттер мен спортшылардың саны едәуір артты. Ал әзірге Әлем кубогында жерлестеріміздің үздік көрсеткіші 8 орын болып отыр. Қазақстандағы жарыста жергілікті саңлақтардың жүлдегер болуына толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз үшін бұл сайыс қыркүйек айында Сербияда ұйымдастырылатын әлем чемпионатына дайындық деуге болады», — деді өз сөзінде.

Жарыс бағдарламасы бойынша алдымен Азия біріншілігі жалауын желбіретеді. Одан кейін Қабанбай батырға арналған Қазақстан кубогы ұйымдастырылмақ. Соңында парапланшылар бәсекесін әлем кезегі қорытындылайды. Жарысқа қатысушылар арасында ең жасы үлкені – Жапониядан келген 77 жастағы парапланерші Йошико Ока, ал ең жас құрама – Тайланд елінен келіп қатысуда. Жарыс 30 маусымға дейін жалғасады.

Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ.