БАТЫР ЖІГІТ БАЛАЛАРДЫ ТІЛСІЗ ЖАУДАН ҚҰТҚАРДЫ

Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында 26 маусым күні таңғы сағат 9-дан 6 минут кеткенде Аманкелді көшесі №12 үйде өрт шыққан. Өрт қысқа толқынды тоқтардың тұйықталуынан болған. Өрт кезінде үйде үлкендердің қарауынсыз 3 бала қалған болатын.  Олар  2017 жылы туылған Тарасова София, 2012 жылы туылған Тарасов Леонид және 2005 жылы туылған Евнина Анастасия. Тілсіз жауды көшеде Алдабергенова Әлия мен ұлы Рыйзабеков Алмас көріп қалған. Өрттің лапылдай бастағанын Алмастың анасы бірінші болып байқаған. Алмас анасы екеуі бірден өрт сөндіру бөлімшесіне хабарласады. Бір сәтте Алмас үйдің ішінен балалардың дауысын естіп қалады. Ол бірден қашадан секіріп кіріп, үйдің ішіндегі балаларды жалыннан аман алып шығады.

Өрт сөндірушілер оқыс оқиға болған жерге жетіп, өртті 14 минут ішінде сөндірді. Балаларды құтқару барысында Алмас Рыйзабеков оң тізесінен жарақат алып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір Алмастың денсаулығына қауіп төндіретін қатер жоқ. Өрттен аман қалған балалар туыстарына тапсырылды. Балалардың әкесі мен анасының Алмасқа айтар алғыстары шексіз.

Алмастың айтуынша ол Талдықорған қаласындағы «Болашақ» аяқ киімдер әлемі дүкенінде орындаушы (реализатор) болып жұмыс істейді. Отбасында 4 бала. Алмас үйленген, жары алғашқы баласына аяғы ауыр. Ол Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында оқыған. «Өрт болған күні анамыз екеуміз жұмысқа әдеттегіден ерте шықтық» , — дейді Алмас.

Батыр баланның ерлігіне тәнті болдық. Алмасты өз елінің қорғаны мен қорғаушысы болатын азамат етіп тәрбиелеген анасына айтар алғысымыз шексіз.

Осындай алапаттан балалардың тірі қалуына себепші болған Алмасқа және анасы Алдабергенова Әлияға зор денсаулық, таусылмас бақыт және отбасына амандық тілейміз.

Алима НҮСІПОВА,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.