ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқауы ұйымдастырылған болатын. Бұл байқау Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай әзірленген. Конкурсты өткізудің басты мақсаты мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақтілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту болып табылады.

Конкурсқа мемлекеттік тілді дамыту, насихаттау, оның қолданыс аясын арттыру бойынша БАҚ-та материалдар жариялаған журналистер қатысты. «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама» және «Үздік сайт мақаласы» атты төрт номинация бойынша сәуір-мамыр айында үміткерлердің материалдары қабылданып, іріктеу кезеңі жүргізілді. Конкурстың қорытындысы бойынша осы аптада жүлдегерлер Талдықорған қаласындағы «Тіл сарайына» арнайы шақырылып, марапаттау рәсімі өткізілді.

Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқауында аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Зейнегүл Жұмабекова І орынға ие болып, аудан мәртебесін биікке шығарды. Журналисімізге алдағы уақытта толағай табыстар тілейміз. Тілге тек сөзбен емес, іспен үлес қосатындардың санаты көбейсін дейміз.

Ж. ҚАШАҒАНОВА,

мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.