АУДАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Ескелді ауданына қарасты Екпінді ауылының аумағында орналасқан «Тау Жетісу» демалыс аймағында инвестициялық форум өтті. Форумға аудан әкімі Бағлан Тәнекенов, ауыл әкімдері, бөлім басшылары және  кәсіпкерлер қатысты.  Форумның мақсаты – өңірге инвестиция тарту және әлеуетті инвесторларға ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру.

Форумда кәсіпкерлердің қолға алған жобалары таныстырылды. Айта кетсек,  «Алматы облысының өңірлік дамыту орталығы» ЖШС-ның директоры Тамерлан Разбеков мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен кәсіпкерлік дағдының қыр-сыры жайлы айтып өтті. «Луньюань Жетісу» ЖШС-ның директоры Ян Гуанди жүгері мен сояны өндіріп, оларды баптаудың жолдарын слайд арқылы түсіндіріп берді. Инвестициялық форумға қатысып, сөз алған кәсіпкерлердің барлығы өздері құрастырған жобаларын презентация арқылы таныстырып өтті.

Форум соңы меморандумға қол қоюмен аяқталды. Аудан әкімі Бағлан Тәнекенов «Қарабұлақ қант зауыты» ЖШС-ның директоры Х.Шакировпен ауданда инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша серіктестік орнатып, меморандумға қол қойды. 2020 жылы Қант зауыты толықтай іске қосылатын болады. Қант зауыты жұмысын бастаса, ауданымыздың 554 тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, Бағлан Сағындықұлы «Дүйсенбинов» шаруа қожалығының басшысы Айдын Дүйсенбиновпен ауданда жүзеге асатын жаңа инвестициялық жоба бойынша серіктестік орнатып, меморандумға қол қойды. 2020 жылға қарай ауданда сүт өндіру фермасы бой көтереді.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ,

аудан әкімінің баспасөз хашысы.