Өз ғұмырында адамдар бірнеше рет медициналық көмекке жүгінеді. Өзінің ең қымбат денсаулығын, кейде тіпті өмірін дәрігерлерге сеніп тапсырады. Сондықтан, медицина мамандарының еңбегі еленуге тұрарлық және үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап етеді. Одан өзге, бір де бір мамандыққа адам өмірі мұншалықты тәуелді емес. Әрбір науқастың жан қиналысын өз бойларынан өткізетін медицина қызметкерлерінің жылына бір рет келетін мерекесі барша жұрттың қуанышы деуге болады.
Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Ауданымызда халыққа заманға сай, қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Оның дәлелі – өткен жылдың аяғында ауылдық округтерде бой көтерген медициналық пункттер.
Өткен аптаның соңында аудандық Мәдениет үйінде Ескелді ауданының үздік медицина қызметкерлері марапатталды. Салтанатты кеш барысында аудан әкімі Б.Тәнекенов ауданның медицина саласында еңбек етіп жүрген, қызметкерлерді марапаттап, құттықтау лебізін білдірді. Аудандық аурухананың директоры Роза Ибраева да әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады. Осы салада жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады. Салтанатты жиын мерекелік концертпен аяқталды.
Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ.