САЯСИ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Үстіміздегі жылдың 9 маусым күні еліміздің Президенттігінің сайлауында халық өз таңдауын жасады. Ел үмітін ақтайтын, болашаққа нық сеніммен қарап, мызғымас ел тыныштығын сақтайтын Мемлекет басшысы деп Қ.Тоқаев сайланды.

Осыған байланысты осы аптада аудандық партия филиалының саяси кеңес отырысы өтті. Оған облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, саяси кеңес мүшелері, аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, бастауыш партия ұйымының төрағалары және аудандық мекеме басшылары қатысты.

Саяси кеңес отырысының күн тәртібінде ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың аудандық қоғамдық штабының атқарған жұмысы туралы және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты ұсыныстар қаралды.

Бірінші мәселе бойынша мінберге шыққан «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Идрисов өз сөзінде: «Біздің ескелділіктер үміткеріміздің сайлауалды бағдарламасында таңдаған сара жолды, ұсынған сабақтастық, әділдік, өрлеу жолын таңдадық. Сенім мүлтіксіз болғандықтан, нәтижеміз де жоғары. Ауданымызда кандидатымызды қолдап, оған 81,9% сайлаушыларымыз дауыс берді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, еңбегіміздің жемісі», – деді. Сөз аяғында сайлау жұмысының сәтті өтуіне араласқан барлық белсенділерге алғысын білдірді.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселелер бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Боранбаев және «Хильниченко и К» КСС-нің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты В.Хильниченко сөз сөйледі. Олар да жауапты кезеңнің маңызы туралы ой қозғап, сенім бар жерде нәтиже де болатынын айтты.

Жасалған баяндамалар мен жарыссөздер негізінде қаулының жобасы таныстырылып, бірауыздан қабылданды.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.