ТІЛ — ҚАЗЫНА

Тіл дегеніміз – адаммен бірге пайда болып, қатар жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс. Бұдан біз  тілдің  адамның айырылмас серігі екенін білеміз. Тіл арқылы адамдар бір-бірімен пікірлесіп, өзара түсінісіп, оны  қатынас құралы ретінде пайдаланады.

Әр адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы жеткізіп, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді. Тіл халықтың жаны, сәні, кескін-келбеті, болмысы деуге болады.

Халықтың тарихта қалуы тіліне, тілінің сақталуына байланысты.

Казіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіл қазақ тілі болып бекітілген болатын.

Қазақстан Республиканың «Тіл туралы Заңы» күшіне  енді.  Болашағымызды  баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. «Адамға екі нәрсе тіректегі, бірі – тілің, бірі – жүректегі ділің» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, кез келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ.

Қазақстан Республикасының өз Елтаңбасы, Гимні, Туы бар. Сонымен қатар, өз тілі бар.

Тіл – халық тарихы, ұлттық қазына. Тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.

1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» қабылданды. Оған 1997 жылы  өзгерістер енгізілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» 6 тарау, 22 баптан тұрады. Оның 4-ші бабында «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» делінген. Біз енді туған еліміздің тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды жеткізе білсек, нұр үстіне нұр емес пе?

Ел болған жерде оның тілі – мемлекеттік тіл болуы керек. Біздің еліміз қазақ елі болғандықтан, мемлекеттік тіліміз де қазақ тілі. Бұл Ата Заңымыздың 7-ші бабында тайға таңба басқандай етіп «Мемлекеттік тіл – қазақ  тілі» деп атап көрсетілген. Сондықтан да мемлекет өз тілін сақтап, оны қолдану өрісін кеңейту үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.

Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдығын және іс-қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді көздейтін мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білу қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

Қазақ тілін дамыту еліміздің стратегиялық бағыты болып табылады. Қазақстан Республикасының тілі туралы саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мемлекеттік тіл –  тек қазақтың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттың, ұлтаралақ ортақ тілі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ  тілінде» екендігін ұмытпайық!

Ескелді  аудандық  Статистика  басқармасы.