ШЕЖІРЕДЕН ЖЫР ШЕРТКЕН ЖЕТІСУЫМ

Балалық шақтың балдәурені әр адамның жадында сақталып, мәңгі естен шықпайтыны белгілі. Ақындарымыз жырлағандай, есейе келе балалық шақтың бекетін өмір жолында мәңгіге қалдырып, үлкен өмірге қадам басып, болашаққа бет алып, өмір өзенін жалғастырып кете баратыны белгілі.

Балалардың балалық шағының дұрыс әрі көңілді өтуі ата-ана мен ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Ата-аналар мен ұстаздар өз бүлдіршіндерінің бос уақытын көңілді өткізуді дұрыс ұйымдастыруы қажет деп білемін. Бақытты балалық шақ туралы естеліктер құнды болуы үшін еске алатын қимас сәттер қатары көп болуы шарт.  Сондай бағалы естеліктер қатарын көбейту үшін бүлдіршіндерді қуантарлық,  көңілді кештер, алыс-жақын аймақтарға іссапарлар қатары көп болғаны абзал.

Жуырда Т.Рүстембеков атындағы орта мектебінің 4-сынып оқушылары Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкенің тарихымен танысу мақсатында ауданымыздағы Н. Алдабегенов атындағы тарихи мұражайына барып, ондағы тарихи деректермен, түрлі экспонаттармен танысып, көптеген ақпараттар алып, аз да болса рухани байлыққа кенеліп қайтты.

Жер ұйығы атанған Жетісу бақ қонған, құт дарыған асыл мекеніміздің шетелдерге аты шыққан, елін, жерін қорғаған қас батырлар дүниеге келген өлке. Шындықты шырылдатып айтатын ақындары мен Жер Ананың мейірімін оятқан, қойнауын алтын астыққа толтырған еңбек ерлері осы өлкеде өмірге келген. Туған жеріне туын тіккен, еңбектен бақытын тапқан, туған жері мен туған анаға деген адалдығымен өмір сүрген азаматтарымыз бен азаматшаларымыз Шұбар ауылында да көп болған. Олардың жиырмасы Еңбек Ері және біреуі Кеңес Одағының батыры болған. Омыраулары алтын жұлдызға толып, ұрпаққа өшпес із қалдырған, абзал азаматтарымыз бен аяулы апаларымыздың еңбектері ешқашан өшпейтіні сөзсіз. Еңбек Ерлері біздің туған жерімізде, осындай тарихы тереңге тамырланған өлкеміздің байлығымен таныстырып, оқушылардың рухани жаңғыруына, Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің арта түсуне ықпал ету мақсатында 4-сынып оқушыларын шұрайлы Шұбар ауылындағы Н.Алдабергеновтің мемориалды мұражайына апардық. Оқушылардың алған әсерлерін нұрланған жанарларынан аңғаруға болады. Өздеріне рухани азық жинаған шәкірттер мақтанышпен  таңдана мұражай көрмесін тамашалады. Олар қуаныштарын бір-біріне көрсетіп, бөлісіп жатты. Оқушылардың қызығушылығын арттырып, балаға жібектей мінезімен жеткізе білген мұражай қызметкерлері де, оқушылардың алған әсерлерін әсемдей түскендей болды. Оқушылар көрген, білгенін шығарма қылып жазып, тағы да басқа тарихта аты қалған тұлғалардың өмір тарихымен кеңірек танысатындарын, оларды зерттеп, үнемі тарихи орындарға барып, танып, біліп кітапханамен дос болатындарын айтты.  Оқушылар ауылға  жеткенше еңбек ерінің  музейінен көрген-білгендерін жарыса айтып, мақтанышпен оралды.

С. Силамхан,

Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің бастауыш

сынып мұғалімі.