Отбасы мен мектеп арасында өзара әрекеттесу арқылы отбасылық құндылықтарды нығайту (қалыптастыру)

«Тәрбие-баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді.

Тәрбие – тұрмысты ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек» .

А.С.Макаренко

Баланың бас ұстазы– ата-ана. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөз бар. Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке — отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі деп білсек, ана-отбасының ұйтқысы, жылуы, шағуы, жақсы ана отбасына береке әкеліп жанұясын бақытқа бөлейді. Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ. «Бала-адамның бауыр еті» деген сөз бар. Сондықтан қай ата-ана болмасын баласының білімді, парасатты, мәдениетті, тәртіпті, әдепті болуын қадағалайды. «Бала – өмірдің жалғасы, көз қуанышы, шаңырақ иесі» деп ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлген.

 «Әрбір баланың мінез – құлқы ата-ананың жағымды іс –әрекетінен үлгі алуы барысында қалыптасады» деп И.Павлов айтпақшы баланың мінез-құлқы өскен ортасында, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана – бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көретін айнасы.

 Сондықтан, баланың болашағы жарқын болуы үшін мектеп пен ата-аналар  тығыз байланыс орнату керектігін барлығымыз жақсы білеміз. Адамзат тәрбиелеу ұзақ және қиын процесс.  Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иілуге қандай икем болса, бала да тәрбиені қабылдауға сондай бейім. Соңғы жылдары жалпы білім беретін мектеп пен жалпыға бірдей орта білім беру ісін дамыту, жаңарту проблемаларының ауқымдылығы соншалық, оған жас ұрпаққа білім беру саласында жүрген азаматтармен қатар, ұлт тәрбиесіне бей-жай қарамайтын әрбір адам өз үлесін қосуда.

Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылының Н.Алдабергенов атындағы орта мектебі  мектепке дейінгі шағын-орталығының ұстаздары қай кезде болмасын өскелен ұрпақтың білімді, тәрбиелі, жан-жақты болуылары үшін тек қана оқушымен ғана емес ата-аналарменде тығыз жұмыс жүргізуде. Жаңа оқу жылдың бастамасы ата-аналардың жиналысы мен оқушыларға арналған тәрбиелік мәні бар ашық сабақтардан орын алып келеді. Ал сабақтан тыс өз оқушыларымыздың бос уақыттың тиімді қарастыру , ол ұстаз бен ата-ананың келісуі арқылы жүргізіліп жатқан тәрбиелік мәні зор жұмыстар. Баланың сабақтан тыс уақытын қалай ұйымдастыру керек? Олардың кітап оқуына, мәдени тынығуына жағдай жасап көмектесу қажет. «Тәрбие отбасынан басталады» десек те, күйбең тіршілікке алданып жүріп, отбасындағы әрбір баланың әрекетін, қылықтарын бағалап, бағыт-бағдар беруге көңіл кейде аз бөлінеді. Әрбір ата-ана баласының ынтасын, қызығушылығын байқап, оның өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасап, ықпал етуі керек.

Бала бойындағы адамгершілік қасиеттердің пайда болуы ата-ана, ұстаз, жақсы құрбысынан екені сөзсіз. Сондықтан «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деп алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқан – бала тәрбиесі барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Бұлардың барлығы қоғамға тәуелді.

«Мейірімділікті анадан,

Әдептілікті данадан үйрен» дейді халқымыз.

Бір біріне қамқор, қайырымды ұрпақ тәрбиелеу және адамгершілікті мол асыл қаситтерді бойларына сіңдіру ұстаз бен ата-аналардың бірлескен міндеті екені сөзсіз.

Арайлым Шакербекова,  Н.Алдабергенов атындағы орта  мекебінің  педагог-психологі