Тергеу судьясының басты мақсаты өзіне қылмыстық қудалау функциясын қабылдамай, соттың бақылауын жүргізуді жүзеге асыру. Тергеу судьсы – қылмыстық процесстегі тараптар мүмкіндіктерінің теңдігін, жеке адамға тиесілі конституциялық құқықтарының сотта қорғалуын, негізсіз айыптаудан және соттаудан, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының заңсыз шектелуінен қорғауды қамтамасыз ететін процессуалдық дербес тұлға. Ол тек заңның мүддесін қолдайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 55-бабында тергеу судьясының сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары барысында кездесетін кемшіліктерді жою үшін оған бірнеше өкілеттіктер берілген. Сотқа дейінгі өндірісте соттың бақылауын кеңейту және қылмыстық процесте жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының тиісті кепілдіктерін құру тергеу судьясының қатысуынсыз мүмкін емес. Бұған дейін түрлі тергеу әрекеттеріне санкция беру прокурордың, яғни айыптау тарапының құзырында болып келген. Ендігі жерде күзетпен ұстау, үйқамақта ұстау, лауазымнан уақытша шеттету, жақындауға тыйым салу, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау тергеу судьясының құзіретіне берілген.
Кейбір тергеу әрекеттеріне санкция беруден басқа тергеу судьясы сотқа дейінгі өндіріс кезінде тараптардың шағымдары мен өтініштерін қарайды. Айыпталушының бұлтартпау шарасына санкция беру тергеу судьясымен ашық сот мәжілісінде, айыптау және қорғау тараптарының қатысуымен қаралады. Мұндай процессте тараптардың жарыспалылық қағидасы неғұрлым толық іске асырылады және сотқа дейінгі өндірісте тараптың бірі – адвокаттың рөлі арта түседі. Ашықтық және тараптардың жарыспалылығы процеске қатысушылар құқығының тиімді қорғалуына себепкер болады және азаматтардың құқығының сақталуына қосымша кепілдік береді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 148-бабы, 8-бөлігіне сәйкес, тергеу судьясының құзіретіне күзетпен ұстау түріндегі бұлтарпау шарасын санкциялаумен қатар, кепіл мөлшерін де айқындау кіреді.
Кепіл – онша ауыр емес, ауырлығы орташа және ауыр қылмыстар бойынша қарастырылған. Кепілді бұлтартпау шаралардың неғұрлым қатаң түрлеріне балама ретінде кеңінен қолдануға алғышарттар жасалған. Бұдан басқа, егер қылмыстық қудалау органы сараптама тағайындау туралы өтінішті негізсіз қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда, мұндай өтінішті қарау тергеу судьясының өкілеттілігіне жатады.
Сонымен қатар мүлікке тыйым салуға санкция беруді тергеу судьясының қарауы да қылмыстық сот өндірісіне тарт ылған тұлғалардың құқығын сақтауға бағытталған. Сот тәжірибесі көрсеткендей, осыған дейін қылмыстық қудалау органы нақты мүліктің қылмысқа қатыстылығын анықтамай-ақ, м.лікке тыйым салған фактілері орын алған жағдайлар болды. Осы мәселенің қаралуы тергеу судьясының өкілеттілігіне берілгені, тараптар сот мәжілісінде мүлікке тыйым салуға байланысты өз уәждерінің дәлелін ұсынуға мүмкіндік алды. Тергеу судьсы бұл әрекеттің заңдылығын дәлелдейтін негіздерді, мүлікке тыйым салуға байланысты мүдделері қозғалатын тараптар мен үшінші тұлғалардың құқықтары сақталуын зерттеп барып, шешім қабылдайды.
Ұлан МАМЫТБЕК, Ескелді аудандық сотының судьясы