Тараптар үшін тиімді тәсіл

Халқымыз қашанда үлкеннің айтқан бітімгершілік сөзіне құлақ асып, дауларды бітімгершілікпен шешіп отырғаны тарихтан белгілі ғой. Сондықтан негізінде медация деген қазаққа жат нарсе емес. Мәселен, ата-бабаларымыз ерте заманда жер дауы, жетім дауы,жесір дауы сияқты күрделі дауларды халықтың беделіне ие болған билерге жүгіну арқылы бітімгершілікпен шешіп, екі тарапты да қанағаттандыратын келісім қабылдауды қамтамасыз етіп келген. Міне, сондықтан қазіргі кездегі медация тәсілі де екі тараптың арасындағы туындаған дауды ушықтырмай, екеуіне де тиімді жолмен шешуді көздейтінін тағы да назарларыңызға сала кетейік. Қазіргі заманда соттасу коөп уақытты, қомақты қаражатты, адамдардың жүйкесінің төзімділігін қажет ететіндігі белгілі.  Осындай келеңсіз жағдайларға түспеу жолы – дауды медиация жолымен сотқа жеткізбей шешу, медаиция заңының қолданылуы аясын арттыру. Медиация әдісінің тиімді екеніне барлық дамыған мемлекеттердің тәжербиесі айғақ. Дамыған мемлекеттерде қоғамда туындайтын даулардың 90 пайызға жуығы сотқа жетпей медиация тәртібімен шешілетінін дереккөздер баяндап отыр.

Жалпы, медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. Атап айтқанда, медиация туралы заңда тараптарға байланысты мынадай мәселелер көзделген. Мәселен, тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады. Медиация тараптар оның кез келген сатысында медиациядан бас тартуға құқылы. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға даудан бас тартуға құқылы. Тараптар мен үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтын, заңда көзделмеген де өзара қолайлы келісімнұсқаларын талқылау үшін мәселелерді таңдауда тараптар еркін болады. Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау кезінде, ақпарат алу кезінде, дауларды реттеу туралы келісімшарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттерді жүктейді. Жалпы осындай екі жаққа да қарата айтылған басқа да тиімді жақтары заңда көзделген. Сондықтан даазаматтардың қандай да бір азаматтық келіспеушіліктер туындай қалған жағдайда кәсіби медиаторлардың қызметіне жүгінгені абзал. Заңдық анықтамаға жүгінсек, медиация кезінде үшінші, бейтарап жақ, яғни медиатор дауласушы тараптар арасында ерікті келісімнің түзілуіне түрткі бола отырып, дау-жанжалды шешуге жәрдемдеседі. Демек, алдағы уақытта да медиация заңының қолданылу аясын одан әрі кеңету жұмыстарын пәрменді жүргізу керек, ол ортақ міндет. Оған барлық құқық қорғау органдары, билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар ат салысуға тиісті. Себебі, дауды ушықтырмай, сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешу қарапайым  халық үшін өте тиімді әрі қоғама әлеуметтік шиеленістерді болдырмаудың кепілі болмақ.

Ұлан МАМЫТБЕК, Ескелді аудандық  сотының судьясы