ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ ЖАДЫМЫЗДА

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында Шымыр ауылындағы Рүстембек Сағатбек көшесінде нәубет жылдары жазықсыз жапа шеккен, аштық тауқыметін көрген асыл азаматтарымызды еске алу, рухтарына тағзым ету мақсатында «Зұлмат жылдар жаңғырығы» митингісі өтті. Митинг ескерткіш тасқа гүл шоқтарын қою рәсімі мен үнсіздік минутынан бастау алды.

1998 жылы Рүстембек Сағатбек көшесіне арнайы ауыл азаматтары ескерткіш тасын орнатқан болатын. Сол жылдан бері, яғни 20 жылдан астам дәстүрлі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу барысында минтинг өткізіліп келеді. Соңғы жылдары ресми түрде осы ескерткіш мемлекетіміздің қорғауында, ескерткіштер тізіміне алынып, үкіметтен қаржы бөлініп, ескерткіштің маңайы абаттандырылды. Бұл – жеке адамның немесе отбасының емес, бүкіл халық басына келген апат болды.

Біз бұл күнді қаралы күн деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Біздің аудан аймағында, сол бір қасіретті жылдары екі жүзден аса жазықсыз жан қуғын-сүргін тауқыметі және ашаршылық салдарынан мерт болды. Олардың біразы осы Шымыр ауылының Рүстембек Сағатбек  көшесіндегі зиратта жерленген.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Боранбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Оразалинов, жастар ресурстық орталығының жетекшісі С.Жолдыбаев 1930-1953 жылдар аралығындағы қиын кезеңді еске алып, бүгінгі күнгі бейбіт өмірді бағалау керектігімізді айтты. Қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арнап ауыл мешітінің имамы құран бағыштады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ халқы дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан халық. Ал тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге үлгісі. Сол тарихтан сабақ алып, қайсар балаларымыздың арман-мұратын әркез санамызда сақтап, жадымызда жаттайық», – деген. Алашордашы азаматтар елдің бақытты ғұмырын көре алмаса да, оны кейінгі ұрпақ, яғни біз көріп отырмыз. Осы азаттықты аялай, асыл азаматтарымызды ардақтай білейік. Зұлмат жылдар жаңғырығы артта қалып, өмірлері шуақты, нұрлы болуына тілектес болайық.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.