ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН!

Бала – отбасының көз қуанышы, өмір қызығы. Ертеңгі күні  бала  ер  жетіп,  отбасының  қамқаршысына   айналады.  Балаға жастайынан дұрыс тәрбие беріп, өмір құндылықтарын бағалауға үйрету ата-ананың міндеті. Қоғам тарапынан баланың дұрыс жетіліп, дұрыс өсуіне үлкен мән беріледі. Елімізде балалар құқығы заңмен қорғалады. Әрбір бала мектепте оқып, өзге балалар секілді білім алуға, мемлекеттен бөлінетін грантты иеленуге, тегін медициналық көмек алуға, мемлекеттік жұмыспен қамтамасыз етілуге құқылы.

1 мамыр – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні барша бүлдіршіндерге үлкен құрмет көрсетіліп, оларға арналып, концерт қойылып, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы мерекеге орай, жақында аудан орталығында балалар күні аталып өтті. Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Берік Дүйсебаев салтанатты жиында сөз алып, барша балаларды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін жаудырды.

Мерекені тойлауға мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері өте жақсы дайындалған. Олар концерттік бағдарламаларын халыққа ұсынып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жез таңдайлы жас бүлдіршіндер өлең айтып, оқушылар көздің жауын алар киімдерін киіп, түрлі ұлт өкілдерінің  биін биледі. Ауданымызда қыздардан құрылған «Аяназ» би тобы мың бұрала би билеп, көпшілікті әсем билерімен таңдандырды. Сонымен қатар, балаларға арналып асфальтта сурет салу сайысы ұйымдастырылды. Қолынан өнер тамған балалар бор алып, еркін тақырыпта сурет салды. Олар салған туындыларда бәйтерек, мультфильм кейіпкерлері, ғарыш айлағы бейнеленген. Мұндай идея балалардың бір-бірімен жақын достасып, көңіл сергітуге ықпалын тигізді.

Салтанатты шерудің соңында аудандық білім бөлімі айтулы мерекені атап өтуге жиналған балалардың барлығына балмұздақ таратып берді. Бала қуанса, әлем де бірге қуанады. Олардың қуанышын ұзағынан сүйіндіру біздің басты парызымызға айналуға тиіс.