ӘРҚАШАН КҮН СӨНБЕСІН

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің ұйымдастыруымен және демеушілердің қолдауымен «Әрқашан күн сөнбесін» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік шара өтті. Шара барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асхат Бейісбаев балаларды айтулы мерекемен  құттықтап, ұрпағымыз рухы биік, жігері жалынды болып өсіп, бейбіт өміріміздің тұғыры биік болсын деген жылы лебізін білдірді.

Тақырыбы мереге сай келген салтанатты шеруде мүмкіндігі шектеулі балалар патриоттық әндер айтып, өздерінің өнерлерін ортаға салды. Оларды әрдайым демеп, қолдау көрсетіп, жылулығы мен мейірімін аямаған ата-аналары балаларының өнеріне тамсана қарады.

Жылулық пен мейірім бір арнаға тоғысқан шарада тағылымды қойылым қойылып, балалар шаттыққа бөленді. Сондай-ақ балалардың көңілін көтеру үшін сиқыршы мерекеге арнайы шақырылды. Ол балаларға әртүрлі сиқыр жасап көрсетіп, балдырғандардың қошеметіне бөленді. Шара соңында балаларға арналып мол дастарқан жайылып, тәттіден дәм ұсынылды. Осындай мерекелік шараның қызықты өтуіне ұйытқы болған демеушілер: «Айдын» ЖШҚ А.Дүйсембиновқа, «JLS сүт» ЖШС-ның директоры О.И.Богдановаға айтар алғысымыз шексіз.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.