Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме

Адам өміріндегі ең бір қызыққа толы,  ұмытылмас бақытты шағы – мектептегі оқушы кезі. Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Сол кемеде 11 жыл жүзе отырып, әрбір оқушы білімнен өзге, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіреді. Білікті дәрігер де, ақын-жазушы да, танымал әншінің де сауатты, білімді болуына үлкен еңбек сіңірген, алғаш қолына қалам қағаз ұстатып, әріп үйреткен ұстазы. Сол асыл жандарды әсте естен шығару  күнә болар. Осы бойынша, білім күні қарсаңында ауданымыздағы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының ұстаздарымен сұхбат құрған едік.

Ауданымыздағы киелі білім ордасы саналатын Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы алғашқы шәкірттеріне өзінің есігін 1990 — 1991  оқу жылының 1 желтоқсанында айқара ашты. Ашылған сәтте 36 сыныптың тек 4-уі қазақ сыныптары болса, араға бірнеше жылдар салып, 1996-1997 оқу жылында таза қазақ мектебіне айналды.

— Мектепте қанша мұғалім қызмет атқарады?

Мектебімізде қазіргі таңда 89 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 2021-2022 оқу жылында 12 жас маман келіп қосылды. Оның барлығы Жоғары оқу орынын тәмамдаған, «педагог» статусын алған, білікті ұстаздар. Атап айтпақшы, арасынан мектебімізден жас мамандарға арналған облыстық «Педагогикалық дебют» байқауына Ахметова М.Е  қатысып 1-орын иегері атанды. Бұдан өзге, 10 зерттеуші, 32 сарапшы, 28 модератор сонымен қоса жоғары категориялы, 2-3-ші категориялы ұстаздарымыз бар.

— Мектепте бүгінгі күні қанша оқушы бар? Олардың жетістіктері жөнінде айта өтсеңіз.

Былтырғы, яғни 2021-2022 оқу жылында мектебімізде 701 оқушы білім алды. Олардың жетістігіне тоқталсақ, Республикалық 5-6 және 7-8 сынып жасөспірімдеріне арналған пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары Қазақстан тарихы пәні бойынша 6-сынып оқушысы Турлумбекова А.М 3-орын, физика пәні бойынша 8-сынып оқушысы Дөненбайқызы А 3-орын иегерлері атанды. Ал, 9-11 сыныптар арасында  Қазақстан тарихынан 2-орын 10-сынып оқушысы Базарханқызы А, география пәнінен 3-орын Сержанұлы А, физика пәнінен 10-сынып оқушысы Қалдыбаев Әділет 2-орын жүлдегерлері атанды.

“Мектеп — білім тірегі, ұстаз — оның жүрегі”,- демекші осы мамандықты сүйіп, ынта ықыласымен таңдаған жас маманның бірі математика пәнінің мұғалімі — Сапар Бекәлі.

— Неліктен ұстаздық жолды таңдадыңыз? Не түрткі болды?

Мен өзім осы Ескелді ауданы, Жетісу орта мектебінде білім алдым. Балалық шақтан ұстаздарымызға қарап үлгі алып, соларға қарап өстік қой. Сол мектеп кезден  бастап, болашақта менде мұғалім болсам деген арман пайда болды. Әсіресе менің осы мамандықты таңдауыма зор үлесін қосқан, қазақ тілі, әдебиеті пәнінен мұғалімім Раушан Исабекқызы болды. Сол кісіге қарап, ұстаздың қандай болуы керек екенін үйрендім. Ұстаздың ұлы тұлға екеніне көзімді жеткізген бірден-бір жан осы кісі болды.

Сапар Бекәлінің айтуынша, мұғалім сабырлы, кішіпейіл, жұмысына адал болуы керек дейді. Оқушы мұғалімнен білімнен бөлек, адамгершілік, қарапайымдылық, сыйластық сынды қасиеттерді бойына сіңіре білу керек.

Сонымен қатар оның айтуынша, мұғалімнің мектептегі жұмысынан бөлек әлеуметтік жұмыстарға тартылуы, оқушылардың қарапайымдылық, отанға деген сүйіспеншілік тәрізді сезімдерді оятады. Ашып айтқанда, ұстаздың  әлеуметтік жұмыстарды жасап жүргенін көрген оқушы еңбекқорлықпен қатар, патриоттық сезімді сезінеді. Оған қоса бұл жұмыстар, мұғалімнің беделін түсерді деген пікірмен келіспейтіндігін де қоса өтті.

— Ұстаздық жолдың қызығы мен қиыншылығы жайлы айта өтсеңіз?

Өз ісін сүйіп таңдаған маманға ешқандай қиыншылық жоқ деп ойлаймын. Қызығы ретінде, оқушылар мен өткен әр сабағымды айтсам болады. Оқушыңның алдыға жылжып келе жатқанын көргенде, әртүрлі жетістіктерге қол жеткізіп жатқанына куә болғанда, төбең көкке жеткендей күй кешесің. Ұстазға бұдан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.

— Өзіңіз оқушы болған кезіңіз бен қазіргі оқушылардың қандай айырмашылықтары бар?

Қазіргі оқушылар ата-анасынан, ұстазынан гөрі тәлім тәрбиені жақсы болсын, жаман болсын интернет желісінен алатыны жасырын емес. Оның виртуалды әлемде не істеп жатқанын көп ата-аналар қадағаламайды. Оқушылар дегенмен әлі бала ғой, ақпаратты фильтрдан өткізіп жатпайды, жақсысы болсын, жаманы болсын барлығын губка сынды бойына сіңіре береді. Осының алдын алу үшін, үйдегі ата-анамен қоса, мектептегі мұғалім де оқушымен үнемі тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Ал өзімнің кезіме келетін болсам, мен мектепті 2014 жылы тәмамдадым. Ол кездері телефон қазіргідей қарыштап дамымаған. Қажет ақпаратымызды, мектептегі ұстаздан болмаса көбіне-көп кітаптан алатынбыз.

  Білім күні қарсаңына орай, жас маман ұстаздарға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Ал шәкірттерге жаңа оқу жылында жақсы энергия мен терең білім алуына тілектес екенін жеткізді.

Әлемге таралған пандемия, көп саланың осал тұстарын айқындап берді. Білім саласында да атап айтарлық кемшіліктер көп болды. Онлайн оқу оқушылардың сапалы білім алуына өз кедергісін тигізді. Білім сапасы нашарлады. Осы онлайн оқу кезінде кеткен олқылықтардың орынын толтыруға жұмыс жасалды ма? Бұл жөнінде Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Джумановамен тілдескен едік:

— Карантин білім сапасына қалай әсер етті? Карантиннен кеткен олқылықтарды толтыру үшін жұмыс жасалды ма?

Жалпы, карантин көпшілік үшін күтпеген оқиға болды ғой. Барлығы абдырап қалды десек те болады. Алғаш карантин енгізілген кезде, оқушылар көктемгі 3-тоқсанның аяқталуына байланысты демалыста болған. Біз осы келесі 4-тоқсан басталғанға дейін, мұғалімдер едәуір ес жинап, жаңа форматтағы оқу үлгісін бастауға барынша дайын болдық. Интернет желілерінен кеткен ақаулықтарға қарамастан, барлық мүмкіндікті пайдалана отырып білім бердік. Артынша дәстүрлі оқу үлгісіне қайта оралғанда, онлайн оқу кезіндегі кеткен қателіктерді қалпына келтіру үшін жұмыс атқардық. Арнайы кестелер құрып, сабақтан тыс қосымшалар өткізіп оқушылардың білімін жетілдірдік. Мұғалімдер, әр оқушымен жеке жұмыс атқарды.

— Әрине болмай-ақ қойсын, дегенмен болашақта тағы да карантиндік режим енгізілетін болса, дайынсыздар ма?

Егер енгізіліп жатса, дайынбыз. Себебі, біздегі барлық мұғалімдер онлайн оқу форматына қажетті деген зум, классрум сынды өзге де платформаларды жетік меңгерді. Оқушыларды онлайн топқа бөлу, жеке сұхбаттасу сияқты тетіктермен жұмыс жасай алады. Біздің тараптан қиындықтар болмайды деген ойдамыз.

Жыл сайын білім күні қарсаңында “Мектепке жол” акциясы өтетін. Биылғы балалар жылына орай акция “Мектепке жол — Шекарасыз жақсылық” ұранымен өтуде. Осы бойынша, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы қазіргі таңда 48 оқушыға көмек берген екен. Оның жалпы суммасы — 488 000 теңгені құрайды. Көмек негізінен көп балалы отбасынан шыққан, аз қамтылған, жетім немесе жартылай жетім оқушыларға берілуде.   Алдағы уақытта, спонсорлар табылуна қарай акция өз жалғасын таппақ. Құрметті оқырман, отанымыздың болашағы осы балалар. Олай болса, олар сапалы жақсы білім алсын десеңіз, сіз де осы акцияға қатысып өз үлесіңізді қоса кетіңіз.    

Ботагөз Ақиқат