Еңбекпен шыңдалған ер ана

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Алдабергенов туған жер даңқын асырған нағыз ердің ері, туған жердің перзенті. Ал, осы Н. Алдабергеновтың бастаған Еңбек Ерлері болса туған жері үшін тер төгіп еңбек етіп, ауыл бейнесінің құлпыра түсуіне өздерінің қажыр-қайраттарын жұмсады. Соның бірі Екі мәрте Еңбек Ері Н.Алдабергеновтың замандасы, Еңбек Ерлерінің бірі Дайырова Зәріштің туғанына биыл 110 жыл толып отыр.

Дайырова Зәріш (1912-1977жж). Талдықорған (Жетісу) облысының  Талдықорған (Ескелді) ауданының Шұбар (Алдабергенов) ауылында 1912 жылы туған. Ол жастайынан жетім қалып, ағасының қолында өсті. Еңбек жолын 1930 жылы «Жаңаталап» колхозында қатардағы колхозшыдан бастады. Еңбек сүйгіш ол, мол өнім өсірудің шеберлігін аға ұрпақ өкілдерінен талмай үйренеді. Жас қыз тұрмыс құрды. Жұбайы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1943 жылы қаза тапты, қара жамылған Зәріш тұтқиылдан келген қасіретке мойымады. Қайта ол жауды жеңу үшін оған қажырлы еңбегімен жауап берді. Соғыс жылдарында « Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұранымен еңбек етіп, жоғары табыстарға жетті.   Осы бір қиын сәтте (1942-1954жж) ол егіншілер звеносын басқарды. Қызылша өсіріп, бидай салды. Мол өнім өсірудің шебері атанды.

1947 жылы 2 гектар қант қызылшасынан 815 центнерден, 5 гектар жердегі қант қызылшасының әр гектарынан 237 центнерден тәтті түбір жинады, 20 гектар  дәнді дақылының әр гектарынан 30 центнерден алтын астық жинады. Қант қызылшасы мен дәнді дақылдан мол өнім алғаны үшін Зәріш Дайырова КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.

1950 жылы партия мүшесінің қатарын кіріп, 1951 жылы  Шұбар ауылдық Кеңесінің депутаты болып тағайындалды. Зейнеткерлікке шыққанымен де қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Ғибратты ғұмыр, адал еңбегімен халқының жүрегінде сақталған есіл ер ана 1977 жылы дүниеден өтті.

Социалистік Еңбек Ері Дайырова Зәріш елге сіңірген еңбегі де, кейінгі толқын жастарға қалдырған өсиет, өнегесі де мол. «Ана» деген ардақты сөз Еңбек Ерінің қасына  қосылатын болса, онда бұл тіркестің мазмұны шексіз асқақтап, шалқары теңдесіз кеңейеді. Сондықтан білегі – еңбектен, тілегі – халықтан нәр алған, жүрегі ұрпағым деп тебіренген  Еңбек Ері Дайырова Зәріш сынды, парасатты аналар есімі мен ғазиз бейнесі ел есінде мәңгі сақталады.

А.Есбосынова, Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің қор сақтаушысы