Еліміздің болашағы – жастар

Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің белсенді бөлігі. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді дамыту – қазіргі жастардың басты міндеті. Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің жалынды жастарына мемлекет тарапынан жыл сайын барынша қолдау көрсетіп, түрлі бағдарламалар жүзеге асуда.

Жоғарғы оқу орнын аяқтаған жас мамандар  біліктілігі мен білгенін пайдаға асыру мақсатында  шалғай орналасқан ауылды  жерлерге келіп, қоғам игілігі үшін қызмет етуде. Осыған орай, бүгінде еліміздің ауыл-аймақтарында  денсаулық сақтау,  мәдениет пен спорт, білім беру, агроөнеркәсіп, әлеуметтік қамсыздандыру салалары күн сайын өркендеп дамып келеді. Осы маңызды салалардың  қарыштап дамуына  жас мамандардың  қосар үлесі ұшан теңіз. Қазіргі күні жоғары білімді  кез келген жас маманды ауылды жерде тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп,  білімді жастарды ынталандыру үшін  елімізде «Дипломмен – ауылға!»  бағдарламасы ұйымдастырылған. Осындай игі бағдарлама біздің аймақта тың серпін алып, дамып келеді. Ауданымызда білімді әрі жаңашыл жастарға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз бір реттік жәрдемақы  және  үй сатып алуға несие түріндегі әлеуметтік қолдау жыл сайын тұрақты түрде  ұсынылады. Осы бағдарламаның арқасында ауданымызда білікті, креативті, белсенді 300-ге жуық   жас  отбасы, халыққа қызмет етіп, әрі шаңыраққа ие  болуда.  Осындай  жастардың бірі  ретінде аталған  бағдарламаны ұйымдастырған мемлекет басшысына алғысымды білдіргім келеді.

Еліміздің  ертеңі – жастар үшін  жасалған заманауи өзгерістер мен  мүмкіндіктерді барлық жас дұрыс қолданып, жаңару жолында    бәсекеге қабілетті, ел сенімін ақтайтын дарынды, дара  тұлға болып қалыптасарына сенімім мол. Егемен елдің білімді жастары,  баянды  болашақтың байрағын әрдайым биіктерден көрсетуде аянбай еңбек етейік!

Жұлдыз Молбаева, Мелькомбинат негізгі орта мектебінің мұғалімі