ЕШКІМ ДЕ, ЕШНӘРСЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күні барша  жұрт мәңгі тыныштық тапқан боздақтардың құрметіне арнап құран оқып, рухына тағзым етеді. Кеңестік идеологияның салдарынан көптеген адамдар жапа шегіп, аяусыз қырылды. Сталинның «жаппай қырып-жою» саясаты қолға алынып, ұлтшылдар мен халық жауларын анықтау мақсатында қанды қырғын болды. Жазықсыз атылып, таразыға тартылғандардың саны аз емес. Олардың ішінде қарапайым қазақ отбасынан бастап, ұлт қамын ойлаған қазақ зиялылары мен Алаш арыстары да бар.

Жақында Талғар ауданының Жаңалық мемориалды кешенінде Қызыл террордың өткір қылышына іліккен азаматтарды еске алу шарасы өтті. Оған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов, облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабит Тұрсынбай, ішкі саясат басқармасының басшысы Рус-там Алпысбаев, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, имамдар, БАҚ өкілдері және репрессияға ұшыраған боздақтардың туған-туыстары арнайы қатысты. Мемориалды кешенде орналасқан ескерткішке гүл шоқтары қойылып, 1 минуттық үнсіздік орын алды. Шараға келген азаматтар сөз сөйлеп, қанды қырғын ешқашан қайталанбасын деген ниеттер айтылды. Жазасыз репрессия құрбаны болған Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Тынышбаев әкесінің көрген азабын сөзбен суреттеп, жүрегінің түбіндегі мұңын ақтарды. Ол әкесінің туғанына 140 жыл толуына орай, асқар тауының өмір жолы жайлы жазылған кітап пен медальді облыс әкімі Амандық Баталов пен  орынбасары Ақан Әбдуәлиевке табыстады.

Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге экскурсия жүргізілді. Аталмыш музей 2018 жылдың 27 желтоқсанында бой көтерген. 4 мыңнан астам жазықсыз құрбан осы Жаңалық ауылының маңына көмілген екен. Алматыдан 40 шақырым қашықтықтағы ауылдың маңы 1938 жылдары «үштіктің» шешімімен атылған адамдарды жерлейтін орынға айналған. 1988 жылдан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары басталғанда бұл маңға көмілген жазықсыз жандарды еске алу ісі де қолға алынған болатын. Музейдің төр жағында орналасқан бөлмеде жазықсыз қырылған азамаматтардың есімі жазылған тақтайшалар орналасқан. Ол жерде 4 мыңнан аса адамның аты бар. Осы аттардың ішінен таныс есімді анықтау үшін бөлменің дәл ортасына үлкен 3 компьютер орнатылған осы құрылғы арқылы іздеген есімді анықтап, оның қай нөмірлі тақтада тұрғанын көруге болады. Осылайша, уақытты үнемдеуге болады. Ал музейдің оң жақ қанатында орналасқан бөлме тарихтың тұғырлы діңгегіне толы. Онда Алаш қайраткерлері мен қазақ зиялыларының өмір-баяны жазылған кітаптар мен тақтайшалар көп. Сондай-ақ сол кісілердің көзі тірісінде қолданған заттары да бар. Осы бөлмеде түрмеге қамалып, тор терезеден телміріп отырған адамдардың экспонаты бар. Осы көріністі көрген кезде көзге еріксіз жас келеді. Себебі, жас келіншектен бастап, еңкейген әжеге дейін қамауға алынып, суық бөлмеде жылуы жоқ көрпе жамылып, тамағы жоқ ыдыс ұстап, кішкентай ғана пештің қасында отырған көрініс бейнеленген. Осы бейнелердің барлығы шынайы жасалып, сол заманның көрінісі дәл суреттелген. Осындай тарихи образдарға куә болу арқылы адам баласының санасына үлкен ой тоқылары анық. Бостандық пен тыныш өмірге ештеңе жетпейді. Бейбіт өмірдің бағасын білу әрбірімізге міндет. Сондай-ақ музейде кітап көрмесі бар. Ол жерден көптеген қызықты мәліметтерге толы кітаптарды оқуға болады. Музейді аралау барысы аяқталғаннан кейін репрессия құрбандарының құрметіне арналып ас берілді.

Барша жұрттың жүрегіне от салған жылдар мәңгілікке тарих қойнауында қалды. Келер ұрпақ мұны естен шығармауы керек. Өйткені, «Өткенін білмеген, ертеңін білмейді» деп дана халқымыз текке айтпаған.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.