СӘТ САПАР САҒАН, ЖАС ТҮЛЕК!

Биыл аудан мектептерінде 435 оқушыға соңғы қоңырау соғылды. Олардың отыз тоғызы «Алтын белгіге», ал он алтысы «Үздік аттестат» алуға үміткер.

Солардың қатарында ақын Ж.Жақыпбаевтың аты берілген мектепте қазір 371 оқушы білім алады. Ондағы 20 түлек биыл алтын ұя мектебінен ұшып шығып, оның біреуі Алтын белгіге, ал екеуі Үздік аттестатқа ұсынылып отыр.

Жас түлектерді, олардың ұстаздары мен ата-аналарын құттықтау үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қ.Есболатов, аудан әкімінің орынбасары Е.Әпеков, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Бектуров арнайы қатысты.

Салтанатты шара барысында мектеп директоры Қ.Есдәулетов мектептің 2018-2019 жылғы жетістіктерін тізіп, келер жылы білімгерлер бұдан да жоғары жетістіктерді бағындыратынына сенім білдіріп, мектеп түлектеріне сәт сапар тіледі. Жас түлектердің алғашқы ұстазы Г.Адырханқызы алдына тарыдай болып келген оқушыларының ер жеткеніне қуанып, өзінің  жүрекжарды лебізін білдірді.  Ал  ата-аналар  атынан  шыққан Б.Оспанова ұстаздар қауымына деген шексіз алғысын білдірді.

Биылғы оқу жылында алғаш табалдырық аттаған 1-сынып оқушылары да мектеп бітірушілерге өз аттарынан ақ жол тілеп, ән мен биден шашу шашты. Салтанатты жиында түлектер вальс билеп, ұстаздарға ақ тілектерін жолдады. Шара соңында соңғы қоңырау соғылып, түрлі-түсті шарлар мен ақ көгершіндер ұшырылды.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.