ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДАҒЫ СПАРТАКИАДА

Өткен аптаның соңында Алматы облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығына орай өңірлік БАҚ өкілдерінің арасында спартакиада ойындары өтті. Жарыс облыстық деңгейде өткендіктен, оған БАҚ өкілдерімен қоса баспасөз хатшылары да қатысты.

Спорттық сайыс бағдарламасына сәйкес журналистер қауымы воллейбол, үстел теннисі және шахматтан өзара мықтыны анықтады. Қағаз бен қаламын, компьютер алдындағы жұмысын бір күнге ысырған тілшілер бір сәтке болса да өздерін спортшы сезінгені рас. Ал бәсеке болса тартысты, өте қызықты өтті. Біздің аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің ұжымы белсенділігі үшін алғыс хатпен марапатталып, тілшіміз З.Жұмабекова үстел теннисінен жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Жарыс соңында БАҚ өкілдерінің ынтымағын арттырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спорттық шараның жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Оларға арнайы дипломдармен медальдар және ақшалай сертификаттар табысталды. Ал барлық жарысқа қатысушыларға «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына арналған естелік сыйлықтар үлестіріліп берілді.

З. БЕЙБІТҚЫЗЫ.