ЖЕТІСУДА ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Елбасы Н.Назарбаев өңірлердің дамуына ерекше көңіл бөліп, тиісті тапсырмаларды үкіметке жүктеп кеткені белгілі. Соның нәтижесінде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітіліп, көптеген аймақтарда ауқымды жобалар бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылуда.

Сондай жобалардың бірі Төлеңгіт ауылдық округінде қолға алынған болатын. Өткен демалыста Жетісу ауылының орталығында бағдарлама аясында футбол алаңы ашылып, спортсүйер ағаларға ермек, ал жастар қауымына бос уақытын тиімді өткізуге мол мүмкіндік берілді. Ал спорт алаңына Жетісу өңірінің тумасы, облысқа еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан футбол федерациясы медалінің иегері Нұрлан Досжанұлы Баяхметовтің есімі берілді.

Нұрлан Баяхметовті ауылында білмейтін адам жоқ, себебі оның есімі облысқа да мәшһүр. Қайраткер әр жылдары әртүрлі қызмет атқарғанымен, көп жыл бойы Жетісу орта мектебінде дене тәрбиесі және футбол жаттықтырушысы болып көп жыл қызмет еткен. Екі шәкірті Бразилияда білім алып жаттығып, төрт шәкірті ҚР-нің Үздік қақпашысы атанды. Оның кезінде атқарған жұмыстары әлі күнге дейін өз жемісін беріп отыр. Ал спорт саласындағы жетістіктерін ысырып қойып, жеке қасиеттерін тізгеннің өзі бір төбе.

Спорт алаңының салтанатты ашылуында ауыл әкімі Қ.Сатанов осындай футбол алаңы көптеген ауыл-аймақтарда жоқ екендігін тілге тиек етіп, бағдарлама аясында осы өлкеде бой көтеруі зор қуаныш екенін айтты. Ақсақалдар алқасының төрағасы С.Әлімқұлов, мектеп директоры Б.Жапабаев, ауылдағы спортты қолдап жүрген ағалардың бірі Е.Дүйсебаев сөз сөйледі. Кейінгі жеткіншек ұрпаққа оның жолы берілсін деген тілек білдірді. Сонымен қатар, рәсімде «Жетісу барысының» 3-орын иегері Н.Аманжоловтың әкесі А.Бектасовқа ауыл басшысы алғыс хат тапсырып, республикалық додада үздік шығуын тіледі.

Жергілікті бюджет қаржысына жабдықталған кіші футбол алаңы көпшіліктің көңілінен шықты. Ауыл тұрғындары өздері күткен жарыстарды жап-жасыл, тегіс алаңда алаңсыз өткізетіндеріне қуанды. Жылы лебіздерден соң кішігірім ойын өткізілді.

Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ