ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Оқушыларды рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу үшін оларға алдымен сыбайлас жемқорлықты жоюдың жолдарын үйретіп,  азаматтық ұстанымды сақтауға баулу қажет.

Соның негізінде Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында аудан мектептеріне қарасты оқушылардың, оның ішінде «Адал ұрпақ» клубының белсенді мүшелерінің қатысуымен «Жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Еркін Жиендинмен кездесу өткізілді.

Кездесу сұрақ-жауап және әңгімелесу түрінде өтті. Мектептің акт залына лық толған оқушылардың сұрақтары да көп болды. Олардың басым бөлігі сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері, онымен күресу жолдары және осынау әлеуметтік зұлымдыққа қалай қарсы тұру керектігін сұрады. Олардың сансыз сұрақтарына ауыл округі әкімінің орынбасары Еркін Шыртайұлы заңдарға сүйене жауап берсе, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Шолпан Жақанова өмірлік мысалдарды келтіріп, қосымша жауап беріп отырды. Сонымен қатар оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың салдарынан туындаған әке мен баланың тағдыры бейнеленген бейнероликтен үзінді көрсетілді.

Оқушылардың бойына адалдық, өскелең ұрпаққа адамгершілік қасиеттерді ұстанудың маңыздылығын көрсету мақсатында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осындай ауқымды жұмыстар атқаруда.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.