АЗАМАТТАРҒА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҰСЫНЫЛДЫ

Қазіргі таңда жұмыссыз жүрген азаматтарға мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер берілуде. Оларға арналған көптеген оқу курстары мен пайдасы мол әртүрлі бағдарламалар ашылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүгінде мемлекет аясында жүзеге асып жатқан бағдарламалар арқылы адамдар өздерінің кәсібін ашып, жұмыссыз жүргендер жұмысқа орналасуда. Дана халқымызда «Екі қолға бір күрек табылады» деген керемет сөз бар. Еңбек етіп, табыс табамын деушілерге жол ашық. Ең бастысы адамның алға қойған мақсаты айқын болса, кез келген бастамасы жемісті болады. Осы мақсатта жақында аудандық Мәдениет үйінде жұмыссыз азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Қанат Кудьяров сөз алып, өткен жылдың қорытындысы бойынша көптеген азаматтар жұмысқа орналасқанын айтып өтті.

Еңбек етуге қабілеті бар азаматтардың барлығы жәрмеңкеге қатысты. Алуан түрлі мамандық иелері өздерінің қолдарынан келетін жұмыс түрі бойынша жұмыс берушілерге сұрақ қойып, тиісті жауап алды. Жалпы еңбек етемін деген жандарға жәрмеңкеде мол мүмкіндік берілді. Пайдасы мол жәрмеңкеде 2018 жылдан бастап енгізілген жаңа форматтағы электронды еңбек биржасы туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді.

Сонымен қатар жұмыс іздеп жүрген жандарға шағын несиені алу жолдары, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту, жоғары, арнаулы, орта оқу орындары түлектеріне мамандықтары бойынша  еңбек  өтілін  жинақтау  мақсатында  жастар тәжірибесі ұсынылды және «Гүлдене бер, туған ел!» акциясы аясында жоғары сынып оқушылары мен студенттерді жазғы демалыс кезінде қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бағыттау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Ауданымызда өткен жұмыс орындарының жәрмеңкесі ар-қылы бірнеше азамат жұмысқа тіркелді. Осындай жәрмеңкелер арқылы жұмыссыз азаматтардың қатары азайып, олардың еңбек етуге деген құлшынысы артары сөзсіз.

Алима НҮСІПОВА.