СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫР ҚАҚТЫ

Өткен аптаның сенбісінде республиканың барлық мек-тептерінде балалық шақтың «қош» деген үніндей болған соңғы қоңырау сыңғыр қақты. Күні кеше ғана қара көзі мөлдіреген балақан мен тұлымшағы желбіреген қыз енді мектеп партасымен мәңгілік қоштасып, үлкен өмірге қанат қақты.

25 мамыр күні Жетісу орта мектебінің 2018-2019 жылғы түлектері балдәурен балалық шақпен қоштасып, болашаққа, үлкен жолға аяқ басуға шақ қалды. Көңілдері толқыған жас түлектерге мектеп директоры Б.Жапабаев ақ жол тілеп, барша мектеп оқушыларына жаңа оқу жылында жаңа күшпен оралуларына тілек білдірді. Мектепішілік мерекелік шаралардан тысқары қалмайтын ауыл әкімі Қ.Сатанов та мерекеге ортақтасып, ұстаздар мен оқушылар тарапына алғыс айтты. Сонымен қатар, түлектерді құттықтауға аудандық білім бөлімінің әдіскері Б.Сейітбаев, жұмыспен қамту орталығының директоры Қ.Кудьяров, ақса-қалдар алқасының төрағасы С.Әлімқұлов арнайы келді.

Салтанатты кеште жыл бойына өте жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталып, шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Мейрам соңы түлектердің әсем вальсіне ұласты және естелікке суретке түсумен аяқталды.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.