Мектеп оқушыларының көптен аңсап күтетін мезгілі – бұл, әрине, жаз, каникул мен демалыс. Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады.
Сондықтан да жаз – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән байланыстарын жетілдіру, әлеуметтік мәдени және білім беру құндылықтарына араласу, әлеуметтік байланыстар жүйесіне қосылу, өз жоспарларын іс жүзіне асыру, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Ал олардың демалысының ойдағыдай өтуіне бар жағдай жасау ата-аналардың құзыретінде ғана емес, мектеп қызметкерлері мен жергілікті органдардың да міндеті болып табылады.
Оқу жылының аяғына таман аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ш.Жақанова ауданға қарасты барлық мектептердің директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, медбикелер мен асхана қызметшілерінің қатысуымен оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін жиын өткізді. Оған Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы қатысты.
Мектеп оқушыларының жазғы демалысын қауіпсіз және көңілді өткізу үшін жаз айындағы ең маңызды деген қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін Шолпан Жақанова айтты. Аудандық ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Д.Сахмолдин қажетті жадынамаларды таратып, қосымша эвакуациялық есіктердің ашық болуын және өрт сөндіргіштердің іске жарамдылығына баса назар аудару керектігін айтты. Сонымен қатар, жаз айында балаларды Төтенше жағдайлар бөліміне қонаққа әкелуге болатындығын айтты. ҚДСБ жетекші маманы Г.Мұстафина балалардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін басты назарға қойды.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.