ТАЛАНТТЫ ҰСТАЗ –ДАРЫНДЫ БАЛА

Ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттерінің бәрінежемісті ықпал жасайтын болады.

XXI ғасыр-білімділер  ғасыры. Заман талабына сай  ой-өрісі жоғары, зерделі азаматты қалыптастыру – мемлекетіміздің басты қағидасы болып отыр.

Дарынды балаларға білім беру бүгінгі уақытта ғылымның әр дәрежесіне сәйкес жүргізу бір жағынан қоғамға талантты да,талапты мамандар даярлауда  пайдалы болса, екінші жағынан қоғамға  айрықша дарынды  балалардың интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етеді.  Осы бағытта мектебімізде 2 жыл көлемінде «Дарынды оқушыларды ғылыми зерттеу жұмыстарына баулу»   атты әдістемелік жобасы жүргізілді. Бұл жобаның негізгі мақсаты оқушыларды талдау, синтездеу, әрі логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, яғни оқушылардың сабақ бойы ой еңбегімен шұғылдануын қамтамасыз ету, оқушыны ізденуге, өз бетімен қорытынды жасауға үйрету.

Оқушылардың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты  тани білу, одан әрі дамуына бағыт бере білу ерекше қиын.

Қандайда бір, дарындылықты анықтаудың дайын үлгісі, әдіс-тәсілдері нақты жоқ. Қазіргі таңда дарынды  балаларды зерттеуге қатысты философиялық, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік әдебиеттерде маңызды ой-пікірлер қалыптасқан.

2020-2021 оқу жылының басында дарынды оқушыларды  анықтап, оқушылардың қабілеті мен талабына сай жүргізілетін жұмыс жоспары құрылып бекітілді.  Осы жоспарға дарынды  оқушылар мен бекітілген жетекшілері  жұмыс атқарды. Бұл жерде тек тізімге бекітілген оқушылармен ғана емес,  пән  мұғалімдері мен сынып жетекшілері де дарынды оқушыларын анықтап қосымша жұмыс жасады. Жоспарға сәйкес дарынды оқушылармен пән мұғалімдерінің байланысын және өз беттерінше іздену, шығармашылық жұмыстарын нығайту,жаңашылдыққа баулу, кеңес беру  мақсатында тәжірибелі педагог Кизатаева Бизада Мұхаметкановна өз іс-тәжірибесімен бөлісті.

Дарынды оқушыларды жоба барысында  мектепшілік, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі шараларға қатыстыра отырып, шығармашылыққа, ізденімпаздыққа баулыды.

Атап айтсақ, мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Кизатаева Б. мен Азим Б.жетекшілігімен Әбибіллә Нұрсымбат, Савченко Амилинаны және тағы басқа дарынды оқушыларды  шығармашылыққа баули отыра, өлең шығару қабілетін және эссе жазуда өз ойын еркін жеткізе алуда, дарындылығын аша отырып қаламдарының ұшталып,ой өрістерін кеңейтуге педагог ретінде өз ықпалдарын тигізді.

Әбибіллә Нұрсымбат 2020-2021ж облыстық Ілияс оқуының 1-орын иегері атанды. Жетекшісі Кизатаева Бизада Мұхаметханқызы  алдына келген баланың дарындылығын шыңдай білді.

Сонымен қатар, орыс сыныбына қазақ тілінен беретін педагог Азим Бақытгүлдің жетекшілігімен Савченко Амилинаны үлкен еңбекпен жетістіктерге жеткізе білді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аясында өткізілген «Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы» тақырыбында шығарма жазудан 1 орын иегері Савченко Амилина аудан әкімінен және «Қайсар жүрек» қоғамдық қоры өткізген облыстық шығарма жазу байқауынан жүлделі 1 орынға ие болды.

Алдағы уақытта да жұмысымызды жоспарға сай жалғастыра бермекпіз. «Талаптыға нұр жауар» дегендей оқушылар болашағынан көп үміт күттіреді. Шәкірттердің бойынан дарындылықты байқаған ұстаздар   жұмыстарын одан әрі жетілдіреді деген сенімдеміз. Дарынды оқушыларды тек гуманитарлық бағытта ғана емес жаратылыстану-математика бағытында күшейту ескеріледі.

Қорытындылай келе, қазіргі таңда жеке қабілетті дамыту, интеллектуалдық, шығармашылыққа баулуда педагогтар мен психологтардың  еңбегі аса зор. Әдістемелік жоба өз мақсатына жетті.Жоба барысында оқушыларымыз өздерінің мүмкіндіктерін мектепішілік, аудандық, облыстық сайыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Дарынды баланың жетістігінің артында талантты ұстаз еңбегі жатыр.

А.О Керейбаева,
«Ескелді ауданы  әкімдігінің  Мичурин  атындағынегізгі  орта  мектебі   мектепке  дейінгі шағын орталығымен»  КММ әдіскері