Елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық саланың бірі -робототехника. Мұның дәлелі бүгінгі заманауи роботтар. Адамзат баласы өзінің қолынан келмейтін көп шаруаны осы құрылғылар арқылы игеріп жатқаны көңіл қуантады.
Робототехника — адам өміріне дендеп келе жатқан болашағы өте зор сала. Қазіргі таңда тұрмыстағы көптеген қызметтерді атқаратын, қадағалайтын мүгедектер мен сәбилерге көмекші көңілін аулайтын, тағы да басқа түрлі роботтар, тіпті интеллектуалдық роботтар да пайда болғаны бәрімізге белгілі. Білім саласында да “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы аясында робототехника үйірмелері қарқынды жұмыс жасап келеді.
Бүгінде бала санасын дамытып, ой-өрісін тереңдетіп, жетілдіру мақсатында робот техникасын оқыту оқушылардың қызығушылығы мен ынтасын оятатын оқу ортасындағы қызықты әрі тәжірибелік жаттығуларды ұсына алатын бірегей оқу құралы ретінде танылуда. Оқушылардың робототехника саласында білім мен жұмыстың тәжірибелік дағдыларын меңгеруі қазіргі заман адамының жалпы ақпараттық мәдениетін, сондай-ақ инженерлік-техникалық шеберлігін одан әрі жетілдірудің негізі болып табылады.
Қаратал орта мектебінде 2021-2022 оқу жылында жаңа технологиялар алаңы құрылып, робототехника үйірмесі ашылды. Жетекшісі — информатика пәнінің мұғалімі К.И.Михов. Мектепішілік оқу-әдістемелік жоспар негізінде үйірмеде жоспарлы түрде іс-шаралар атқарылды. Жетекшімен бірге 10 робот нұсқаулыққа сүйене отырып құралса, 3 робот авторлық робот ретінде құралды. 3 желтоқсанда аудандық білім бөлімі ұйымдастырған мобильді робототехника жарысында “Silence” командасы жүлделі 3 орынды иеленді. Команда құрамында 10 — сынып оқушылары Сабитпек Диас пен Уткин Дмитрий болды. 5 мамыр күні өткен облыстық робосумо сайысында “KazRoboSport-2022” облыстық іріктеу кезеңінде “Silence” қыздар командасы жүлделі 1 орынды иеленіп,республикалық кезеңге жолдама алды.
Команда құрамында 8-сынып оқушылары Сұлтанғалиева Амина мен Еректыбаева Дильяна болды. Сондай-
ақ бұл оқушылар аудандық білім бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталды. “Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады” — деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Робототехника ғылымын жетік меңгерген ізденімпаз ұстаз Кирилл Ивановичтің балаларға үйреткен білімі ерен. Оқу жылының басында Қаратал орта мектебі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық-
талдау орталығы ұйымдастырған халықаралық зерттеуге қатысып, зерттеу нәтижесінде ҚР БҒМ ақпараттық-талдау орталығының (ААО) Президенті – TIMSS, PIRLS, ICILS, PISA, TALIS, PIAAC халықаралық салыстырмалы зерттеулердің ұлттық үйлестірушісі Мадина Тыныбаеваның ерекше ықыласына бөлене алды.
Ол өзінің халықаралық ЮНЕСКО-ға дайындаған талдау есебінде білім ошағындағы дамыған сала-
робототехника, 3D модельдеу, оқушылардың компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп, мұғаліммен бірге “Ақылды үй”, ауыл шаруашылығында қолдануға болатын қозғалмалы роботтар, қашықтықтан басқаратын роботтардың құрастырылып жатқандығы, сондай-
ақ Кирилл Ивановичтің аудан, облыс көлемінде робототехника тәжірибесімен бөлісіп жүргендігін мақтанышпен жеткізген. Ұстаз мерейі қашанда шәкіртінің жетістігімен үстем болады. Алдағы уақытта мұғалімге шығармашылық табыстар тілеймін.
Сөз соңы: мектепте робототехника деген пән жоқ, бірақ оның берері көп.
С.Л.Турсункулова,
«Жетісу облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі «Қаратал орта мектебі МДШО» КММ директордың әдістеме ісі жөніндегі орынбасары