ДАНАЛЫҚТЫҢ ДІҢГЕГІ БОЛҒАН АҚЫН

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген мәні тереңде жатқан қанатты сөзді қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы айтқан болатын. Өз заманының данасы әрі дарасы болған  Абай жастайынан ақыл мен білімге ұмтылып, қазақ поэзиясының шоқтығын биік еткен. Оның дариядай жарқыраған дарындылығының арқасында табиғат пен адам баласын суреттейтін керемет туындылар дүниеге келген.

«Бес нәрсеге асық бол» деп жырлаған Абай адам баласын қанағатты болуға, талап пен еңбекті серік етуге, ақылды, рақымшыл болуға шақырады. Ақын Абайдың өлеңдерін оқыған адамның жүрегі селк етпей тұрмайды. Себебі, оның өлеңдері адамның ет жүрегін елжіретіп, ойын тереңге бойлатады. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген керемет туындысын жарыққа әкелген Абай Құнанбайұлы халықты надан болмай, білімді болса екен деп көңілінде тұрған мұң-наласын осы өлең арқылы жеткізген. Абай Құнанбайұлы дүниеден озғанымен, оның қалдырған асыл мұрасы халқымен бірге. Бүгінде ұлы ақынның рухты жырларын жанына серік етіп жүргендердің қатары аз емес. Әсіресе ақынның қара сөздері адам баласын жақсылыққа ұмтылдырып, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады.

Жақында ауданымызда Абай оқулары өтті. Шараның мақсаты – Абай шығармаларын оқушыларға кеңінен насихаттау, ақынның рухына тағзым жасау. Абай оқуларына 3-4 сынып оқушылары қатысты. Олар ақынның өлеңдерін жатқа айтып, әрі мәнерлеп оқудан сайысқа түсті. Сайыстың әділдігін беріп отыратын әділқазы алқалары құрылды. Олар әрбір оқушыға әділ баға қойып отырды. Абай ақынның өлеңдерін жатқа айтқан оқушылар образға кіріп, тиісті сәттерді кідіріп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Шара соңында желдей зулаған, аттай тулаған жеңімпаздарға мақтау қағаздары табысталды. Атап айтсақ, жүлделі бірінші орынды Титов атындағы орта мектебінен  Ақтілек Жұмахан, Байысов атындағы орта мектебінен Айнаш Базарова, Жастар негізгі орта мектебінен Айбар Серікұлы және Екпінді бастауыш мектебінен Айгерім Серікжанқызы жеңіп алды. Ал Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясынан Жаннұр Молдағалиева, Н.Алдабергенов атындағы орта мектебінен Әли Гучаев, Бақтыбай атындағы орта мектебінен Надира Мұқиятқызы, Қаблиса жырау атындағы орта мектебінен Мәрмәр Оразалы және Кошевой атындағы орта мектебінен Аружан Төлеген екінші орынға табан тіреді. Қарабұлақ орта мектебінен Нұрай Тілек, Жақыпбаев атындағы орта мектебінен Қуаныш Жұмабекұлы, Қаратал орта мектебінен Айзада Бақытқызы, Балпық би атындағы орта мектебінен Мадина Иса, Сейфуллин атындағы орта мектебінен Әлия Айтқазы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінен Береке Бақтыбекұлы және Мелькомбинат негізгі орта мектебінен Бекзат Қасымов үшінші орынға жайғасты.

Алима НҮСІПОВА.