АҚЫН РУХЫНА АРНАЛҒАН КЕШ

Абай атындағы орта мектебінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Г.Мұқаеваның  әдеби-шығармашылық кеші» ұйымдастырылып өткізілді. Әдеби кештің мақсаты – оқушыларды жер жаннаты – Жетісудың топырағында туып-өскен ұшқыр ой иесі, артында із қалдырған журналист, ақын, ұстаз Гүлжәукен Мұқаеваның өмірімен, шығармаларымен таныстыру.

Гүлжәукен Мұқаева – өз алдына мақсат қойып, поэзияда өзіндік өрнегін сала білген ақын. Жыр жинақтарында  патриоттық, тұрмыс-салт жырлары, ауылға деген ыстық сезім, еңбек адамдарына деген сүйіспеншілік, туған мекенге толғаныс, достық, махаббат, табиғат лирикасы сезімді көңіл көкжиегіне қалықтатады. Оның лирикасы мен қазақ әйелдеріне тән ибалылығы ісімен де, сөзімен де жарасымдылығын тапқан.

Оқушылар Гүлжәукен апамыздың патриоттық тақырыпта жазылған «Тәуелсіздік туы», «Ардагер», «Туған жер», «Наурыз», «Мұрагер» сынды тұрмыс-салт жырларына арналған өлең шумақтарын нақышына келтіре оқыды.

Әдеби кешке Г.Мұқаева апамыздың туған баласы Бекет Дайыржанов және немерелері Әсел мен Данияр қатысты. Ақынның туған інісі Сансызбай Төлегенұлы Гүлжәукен апай туралы естеліктермен бөлісті.

Осы мектепте бірнеше жыл әріптес болып, ұстаздық жолында бірге еңбек еткен неміс тілі пәнінің мұғалімі Бишәй Төлегенова және бастауыш сынып мұғалімі болған Ағипа апай  кеш қонағы болып, оқушыларға  тағылымы мол деректер айтты. Мектеп директоры Ләззат Алтынбекова оқушылардың бойында  Отанға, туған жерге деген үлкен сезім осындай әдеби кештерде патриоттық өлеңдерді жатқа оқытып тәрбиелеудің маңызы зор екенін айтып өтті. Әдеби кеште музыка пәнінің мұғалімі Гүлжайна Төңкерісқызы дайындаған концерттік бағдарлама кештің көркін аша түсті. «Ана туралы жыр», «Гүл сыйлайық әйелге», «Әке-ана» өлеңдерімен жалғасты. Болашақта ән сүйер оқушылармен  мектепішілік оқулар, ән байқауын ұйымдастыратынын айтқанда, ақын апамыздың баласы Бекет Дайыржанов қуанышын жасырмады. Ол мектеп оқушылары мен ұстаздарына алғыс білдірді.

«Сергітіп сезімімді аяладым,

Жанымның жамыратып саябағын.

Ақын апа, бір өзіңе жүрегімнен,

Тебірене жыр жазармын талай әлі», – деп 8-сынып оқушысы Нәзір Айбарыс пен 10-сынып оқушылары Меллетхан Мөлдір арнауларын тебірене оқыды.

Гүлжәукен Мұқаевадай ардақты ана, қадірлі ұстаз, ақын жанның өнегелі өмірі жастарға үлгі, жазған өлеңдері әрдайым мәңгі есімізде сақтала береді.

К. Укешова,

тәрбие жұмысының орынбасары.