ҰЛЫ ЖЕҢІС ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

9 мамыр –  Отан үшін от кешкен боздақтардың айбыны мен абыройын, жеңісті жақындату үшін тер төккен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен елдігін паш етіп, бейбіт күннің бесігінде тербелген ұрпаққа ерліктің ерен үлгісін көрсететін ерекше күн. Бұл мерекені бүгінде төрткүл дүниенің түкпір-түкпірі бейбітшілік мерекесі ретінде тойлайды.

Халық есінде мәңгілікке сақталып қалған Ұлы Отан соғысының біздің әділет сүйгіш, бірлікшіл, ержүрек халқымыз үшін Ұлы Жеңіспен аяқталғанына да, міне, 74 жыл толып отыр.

9 мамыр — Жеңіс күніне орай  Ескелді ауданының орталық алаңында мерекелік шара өтті. Отан үшін жанын пида еткен ардақтыларды еске алу мақсатында және оларға мәңгілік тағзым ету үшін аудан басшылары Ескелді би ескерткішінің алдына, Кеңес Одағының Батырлары М.Байысов пен К.Шестаковтың ескеркіштеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған обелискіге гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар жауынгерлердің рухына жиналғандар бір минуттық тыныштыққа бөленіп, 3 дүркін залп берілді.

Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, сөз сөйлеген  аудан  әкімі Бағлан Тәнекенов сұрапыл соғыс кезінде қазақ даласы қандай көмекпен қолдау көрсеткенін, қарыштап дамып келе жатқан ел әлеуетінің барша жетістіктері соғыс өртін өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегінің арқасында екендігін атап өтті. Сонымен қатар аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Гүлжамал Көптілеуова, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Медет Тұрыскелдиев соғыс ардагерлеріне жылы лебіздерін білдіріп, барша жұртты мерекемен құттықтады.

Бүгінде ауданымызда 2 ҰОС ардагері бар. Отан үшін отқа түсіп, ерен ерлік танытқан ардагерлеріміздің қатары жыл санап кеміп келе жатқаны өкінішті, әрине.

Салтанатты шара барысында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушылары аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынып, театрландырылған көріністі шынайы көрсетіп, мерекелік көңіл-күйдің көтеріңкі болуына зор үлестерін қосты.

Егер батыр ардагерлеріміздің жеңісі болмаса, мүмкін әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан елі да болмас па еді. Сондықтан, Отан үшін жан қиғандарды еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болып қала бермек.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.