ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

ҚР Президентін сайлауға бір ай мерзімінен аз уақыт қалды. Кандидаттыққа тіркелген жеті үміткер республиканың түкпір-түкпірінде үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Солардың бірі, Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылып отырған Президенттікке үміткер Аманкелді Таспиховтың жұмысының желілік кестесі бекітілген болатын. Осы кестеге сәйкес Алматы облысында Президенттікке үміткердің қатысуымен науқан шаралары, оның ішінде жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесу жоспарланған. Ал кеше Ескелді ауданының орталық емханасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Үгіт-насихат жұмыстарына Алматы облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров және Алматы облыстық мемлекеттік, банктік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Ержан Дүйсенбаев қатысты. Олар Президенттікке үміткердің сайлау бағдарламасымен таныстырып, алдағы жұмыс жоспарын талқылады.

Айта кету керек, Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылып отырған кандидат А.Таспихов жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға, лайықты еңбекақы төленуіне күш салады, жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз етеді және еңбек миграциясын реттеуді қолдайды.

Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ.