Тағамнан уланудың алдын алу!

Тағамнан уланулар – бұл табиғаты микробты және микробсыз болатын, ауру тудырушы микроорганизмдердің немесе олардың әр түрлі токсиндерімен және сонымен қатар улы заттармен ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын жедел инфекциялық ауру. Ең қауіптісі тағамдық токсикоинфекция және микробты табиғаттың интоксикациясы.

Сапасыз азық-түлікті тамаққа қолдану кезінде, олар дұрыс дайындалмай және дұрыс сақталмаса тағамнан улану – тағамдық токсикоинфекция туындауы мүмкін.

Сапасыз өнімдер дегеніміз- түрлі микроорганизмдермен және токсиндермен жұқтырылған азық-түліктер.   Жануарлардан алынатын өнімдер ең қауіпті болып табылады (ет, балық, шұжық, консервілер, сүт және одан жасалатын бұйымдар – кремі бар кондитерлік өнімдер, балмұздақ). Әсіресе уақталған ет — паштеттер, фарш, іркілдек оңай жұқтырылады.

Тағамдық уланудың алғашқы белгілері тамақ ішкеннен кейін 2-4 сағаттан соң көрінуі мүмкін (кейбір жағдайларда 30 минуттан кейін), 20-26 сағаттан кейін де білінуі мүмкін. Көбінесе бұл токсиннің түріне және дозасына және адамның иммун жүйесінің жағдайына байланысты. Тамақтан улануды болдырмаудың бірнеше, яғни тағамдарды сақтау және дайындаудың қарапайым қағидаларын орындау керек:

— қауіпсіз азық-түлік өнімдерін таңдау;

— тамақты дұрыс дайындау;

— тағам дайын болғаннан кейін мүмкіндігі бойынша бірден тамақтану;

—жаңа дайындалған тағамдарды кешегі дайындалған тағамдар қалдықтарымен араластырмау қажет, егерде дайын тағам ертеңгі күнге қалған жағдайда, оны пайдалану алдында  мұқият термиялық өндеуден өткізу қажет (қайнату немесе  қуыру) ;

— шикі және піскен  азық-түлік өнімдері арасындағы байланысқа жол бермеу;

— жеке бас гигиенасын қатаң түрде сақтау, қолды сабынмен жиі және  мұқият   жуу, әсіресе ас ішер алдында және дәретханадан кейін;

— қайнатылған, бөтелденген немесе  сапалы,  таза ауыз  суды пайдалану;

— көкөністер мен жемістерді  пайдаланар алдында үнемі ағымды сумен жуып пайдалану, ал балаларға қайнатылған сумен жуып беру;

— тез бұзылатын тағам түрлерін және дайын тағамды тоңазытқышта  2-6 С температурада сақтау;

— кремді –кондитерлік  өнімдерді жарамдылық мерзімдері өткеннен кейін пайдаланбау;

— үйдегі қоқыстарды және  тағам қалдықтарын  уақытылы шығару;

— үнемі ас үйді таза ұстау және жеке бас гигиенасын сақтау.

Қазіргі таңда үй жағдайында тағам өнімдерін дайындайтын жасырын тағам өнімдерін өңдеу, дайындау, өндіру объектілерін әшкерелеу жұмыстарын жүргізу аса маңызды орын алып отыр.

Осындай жасырын орындардан өндірілген тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы әлбетте үлкен күмән тудырады. Бұндай тағам өнімдері халық арасында тағамнан улану жағдайының тіркелуі және аса қауіпті эпидемиологиялық ахуал тудыруы сөзсіз.

Жоғарыда айтылған қағидаларды сақтай отырып Сіз өзіңізді және туыстарыңызды аурудан сақтайсыз.

Е. Сейсембинов, Ескелді аудандық СЭБ басшысы,

Т. Жакишев, Ескелді аудандық СЭБ басқармасының бас маманы