ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР БАС ҚОСТЫ

Алдына мақсат қойып, кәсіппен айналысқысы келетін жастардың саны жыл артып көбейіп келеді. Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қараған жас кәсіпкерлердің ішінде барлығынан оза шауып, кәсіп шыңының биігінен көрінгендердің қатары  көп. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Маңызы зор қолдауға ие болған жастар ісін өрге домалату үшін тиісті қаражат көзін мемлекеттен тиімді пайызбен иелене алады.

Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында ауданның кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында семинар өтті. Семинарға өз кәсібін ашып, ісін өрге домалатып жүрген жас кәсіпкерлер қатысты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Ермек Әпеков сөз алып, семинардың мақсатымен таныстырып өтті. Жас кәсіпкерлердің басы қосылған жиында оларға тиімді қолдау көрсету үшін мемлекет аясында іске асып жатқан жобалардың маңыздылығы талқыланды. Сондай жобаның бірін аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Жолдыбаев талқылады. Ол жастарды жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы көптеген жас өрен жастар практикасына тартылып, тұрақты жұмысқа орналасқанын айтып өтті. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі азайып отыр.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жайлы  ауданның кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гаухар Көшемісова түсіндіріп өтті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Бұл бағдарламаның тиімді тұстары мен іскерлік байналысты арттыратын тетіктері көп. Келесі кезекте Ескелді аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әбен Тайжанов кәсіпкерлер палатасы арқылы көрсетілетін көмек жайында мәлімет берді. Ал ауданның жұмыспен қамту орталығының маманы Бауыржан Байзақов нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жөнінде маңызды мәселерге тоқталып өтті. Семинарға қатысқан кәсіпкерлер өздерін қызықтырған жобалар жайында сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

Дана халқымыз «Кәсіп түбі – нәсіп» деп текке айпаған ғой. Жастардың өз бизнесін бастап, елеулі жетістікке жетуі арқылы біздің мемлекетіміздің абыройы асқақтап, ел экономикасы көтеріледі. Бұл арқылы отандық өнімнің болашағына жарқын жол ашылары анық.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.