«АЛТЫНЕМЕЛ» МЕМОРИАЛДЫҚ МҰРАЖАЙЫНА ЭКСКУРСИЯ

Елбасымыз Н.Назарбаев «Өлке тарихының қасиетті мекені» атты еңбегінде: «Егеменді еліміздің мәдени өмірінде мұражайлардың орны ерекше. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу Қазақстанда патриотизм қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарттарының бірі», – деп тарихи таным мен ұлттық патриотизмге тәрбиелеудегі мұражайлардың танымдық ағартушылық пәрменін ерекше атап көрсеткен.

Осы мақсатта Т.Рүстембеков атындағы орта мектебінде мектеп ұстаздарының ұйымдастыруымен 8,9-сынып оқушылары Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық мұражайына экскурсияға барды. Экскурсияның мақсаты – халқымыздың маңдайына біткен даңқты перзенті, ұлы ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың жерленген жерін өз көздерімен көріп, мұражайын аралап,  оқушылардың бойында ата-бабаларына деген құрмет сезімін қалыптастыру. Мұражай ішін аралай отырып оқушылар Тұңғыш қазақ географы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, Ш.Уәлихановтың аққан жұлдыздай өте шыққан қысқа ғұмыры жайлы көптеген мәліметтер алды. Мұражайда оқушылардың ең бірінші назарын аударған әжесі Айғанымның  салдырған үйінің макеті көзге оттай басылды. Олар Шоқан туып-өскен үйдің кішірейтілген түрімен танысты. Сондай-ақ саяхатқа шыққан арбасы, қолданылған заттары, қырғыз эпосы «Манасты» жазып алуының көрінісі, қаруы, құрған карталар, сызбалар, қолжазбалар, саяхат пен экспедиция барысында жасалған графикалық және көркем суреттері оқушылардың ғалымның өмір жолына деген қызығушылығын арттыра түсті. Сонымен қатар, оқушылар осы «Алтынемел» мемориалдық мұражайының ашылуы мен Ш.Уәлиханов ескерткішінің қойылуына өз үлесін қосқан колхоз басшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Игібай Базарбаевтың да өмірі туралы жазған кітаптарымен танысып,  Ш.Уәлихановтың інісі Бақыдан тарайтын туысы Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы Шота Уәлиханов туралы мәліметтер алып қайтты.

Шоқан басқан топырақты басып, оның жұтқан ауасымен тыныстап қайтқан  оқушылар рухани байып, ой-өрістері кеңіп қалды. Олар ғалымның ғибратты ғұмырынан сабақ алды. Экскурсия оқушыларды туған жерді сүюге, өзінің тарихын, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге, патриоттыққа тәрбиелейді. Осындай іс-шаралар болашақта да өз жалғасын таппақ.

А. Көмекбаева,        

Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі.