ТІЛ — МЕМЛЕКЕТТІҢ АЙНАСЫ

Қазақ тілі – қазақ халқының мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Баға жетпес рухани қазынамыздың сарқылып немесе тозып қалуына жол бермеуге тиіспіз. Тіл түбі терең алып мұхит секілді. Ол адам баласын дүниені танып, тұлға болып қалыптасуға жетелейді. Ұлттың ұлт болып қалыптасуында тілдің алар орны ерекше. Себебі, тіл мемлекеттің тұғырлы тірегі болып табылады.

Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі тау бұлағы секілді таза, күннің жарығы секілді нұрлы, кесіп түсер қылыш секілді өткір тіл. Тұғыры биік тіліміз төрімізден орын алмас бұрын көптеген кедергілер мен тосқауылдарға ұшырағаны тарихтан мәлім. Бірақ, қазақ халқының бағына туған таудай ірі тұлғаларымыздың арқасында қазақ тіліміз шұбарланбай, өз бірегейлігін сақтап қалды. Осы тұста ұлт болашағы үшін күрескен алаш қайраткері, рухты жырларымен халықты жігерлендірген Мағжан Жұмабаевтың мына өлең жолдары еріксіз еске түседі.

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың.

Осы өлең шумақтарынан қазақ ұлтына орны толмас қасірет келіп, ұлтымыз бойындағы асыл қасиетін жоғалтса да, баға жетпес төл тіліміздің жоғалмағанын аңғарып отырмыз. Қазақ тілінің төрімізде орнығып, оның өз тазалығын сақтап қалу жолындағы Алаш арыстарының еңбегі ұшан-теңіз. Олардың ұшқыр ойлары мен теңіздей толқыған көңілдерінің арқасында ұлттық болмысымызды паш етер керемет туындылар жарыққа келді. Алаш арыстарына жала жабылып, олардың жазықсыз жапа шеккені әрбіріміздің көңілімізге от түсіреді. Бірақ, өмір бар жерде поэзия бар. Олардың қарымды қаламдарымен дүниеге келген баға жетпес туындылары жас ұрпаққа мәңгілік мұра ретінде қалды. Ақындарымыздың мәні мен мағынасы тереңде жатқан шығармаларын оқығын қазақ баласының санасы тек оң өзгерістерге толы болмақ. Тіл тағдырын ойлап, оның ертеңгі күні ел тағдырына айналарын білген Алаш қайраткерлерінің баға жетпес ерліктері ел есінде мәңгілікке сақталады.

Тәуелсіздігімізді алып, тағымыздың жеке болғанына 28 жылдың жүзі болды. Мемлекеттік тіліміз ресми түрде қазақ тілі болып, ұлтымыздың айбыны асқақтай түсті. Қазіргі таңда қоғамды бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Адамзат БАҚ арқылы тың мәліметтерден құлағдар болады. Айта кетсек, күнделікті эфирге шығатын жаңалықтар, радио арқылы берілетін мәліметтер, әртүрлі сайттарда жарияланатын деректер және газет-журналдарда жарық көретін мақалалар арқылы адам баласының танымы кеңейіп, олар қоғамда болып жатқан жаңалықтарды уақытылы біліп отырады. Бүгінгі таңда көптеген ақпарат толқындары қазақ тілі арқылы беріліп жүр. Бұл мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейтіп қана қоймай, оның тамырын терең етері анық.

БАҚ өкілдері сауатты, тілге шешен, ойы ғаламға сай дамыған, жаңашыл, жарқын идеялы болуға тиіс. Олар ха-лыққа ұсынатын мәліметтерді еш бұрмалаусыз, шындыққа негіздеп, қатесіз әрі мәнді түрде жеткізуге тиіс. Ал радио мен эфирлерде шығатын жаңалықтарды жүргізетін тілшілердің тілі икемді, сауатты болуы керек. Егерде жаңалық жүргізетін тілшілер сөздерге екпінді дұрыс түсірмей, мәтінді толық аяқтамай, тыныс белгілерінде кідірмей, айтып тұрған сөздерді қатемен әрі түсініксіз қылып айтса, сол жаңалықты көріп, естіп отырған адамдарда дәл сол қателер арқылы сөйлеуге бейімделіп кетеді. Ақпарат берілген кезде ол қазақтың дана билерінен қалған шешендік сөздерге, халқымыздан қалған мақал-мәтелдерге, қанатты сөздер мен айшықты сөздерге толы болуға тиіс. Егерде осы айтылған даналық сөздер берілген ақпаратқа сай келсе, жаңалық мәнді әрі қызықты болып беріледі. Адам мұндай сөздерді есту арқылы жігерленіп, ойы жаңа өзгерістерге толы болады. Ал ата-бабаларымыздан қалған сөздер ұмыт болмай, ұрпақ жадында мәңгілікке сақталып отырады.

Тіл байлығы әрбір ұлттың мақтанышы. Оны жаңа белестерге көтеру және айбынын асқақ ету әрбір адамның міндеті. Бүгінде кейбіреулер қазақ тілін білмеуі, білсе де, менсінбей, орыс тілін араластырып, шала сөйлеуі қоғам дертіне айналып отыр. Туған тілден безінген азаматтарды көрген кезде қоғамымызға тоқтау айтатын, кез келген дауды әділ шешіп, қауып айтпай, тауып айтқан билеріміз жетіспейді-ау деген ой келеді. Төл тілде сөйлеуден безу, өз анамыздан безумен бірдей. Қоғамымызда шала сөйлеуді әдетке айналдырған жастардың қатарын азайтуға тиіспіз. Егерде олардың қатары көбейсе, ұлт болашағы үшін күресіп, қазақ тілінің төрімізде орнығуына себепші болған Алаш арыстарының еңбегі зая кетеді. Шала сөйлейтіндердің санын қалай азайту керек? деген сұрақ туындайды. Отанды сүю отбасынан басталады. Дана халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Олар балаларына «Үлкеннің алдын кеспе, кісінің сөзін бөлме, біреудің ала жібін аттама», – деп айтудан жалыққан емес. Көптеген әдеби кітаптарды оқысақ, қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелегені бізге мәлім. Олар: «Ұят болады, обал болады, жаман болады». Қазіргі таңда әрбір ата-ана баласына «Туған тіліңді құрметтемесең ұят болады, тіл үшін күрескен ерлердің еңбегіне обал жасайсың, туған тіліңді шұбарламай сөйле, мұндай әрекетің жаман болады», – деп айтып отырса, тіл жанашыры атанар ұрпақтың саны көбейіп, шала сөйлетіндердің қатары азаяр еді.

Ұлттық болмысымызды сақтап, тәуелсіздігімізді баянды ету үшін тілдің мәртебесін жоғары қоюға тиіспіз. Ақын, әдебиет зерттеушісі, публицист Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген болатын. Осы қанатты сөзді жадымыздан шығармасақ, тіліміздің тұғырын биік ету жолында аянбай еңбек етеріміз анық. Қорыта келгенде, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі. Тарихы тереңде жатқан қазақ тілінің туын биікке көтеріп, мәртебесін асқақтату біздің басты парызымыз.

Алима НҮСІПОВА.