ҮЗДІК СЫНЫП ЖЕТЕКШІ АТАНДЫ

Жақында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Үздік сынып жетекші – 2019» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – сынып жетекшілердің өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық зертханасын айқындауға, оқушыларға білім берудегі өзгерістерді еркін меңгеруге бағытталған. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісін жандандыру және шығармашыл жетекшілерді анықтау үшін бұл сайыс жыл сайын ұйымдастырылып отырады.

Байқауға сынып жетекшілік қызметі 5 жылдан кем емес ауданға қарасты барлық мектептерден жалпы 25 ұстаз қатысты. Сайыс екі кезеңде өтті. Оның бірінші кезеңі, яғни сырттай кезеңінде сынып жетекшісінің жаңа үлгідегі инновациялық жұмыстарының жинағы (портфолио) өткізілді. Портфолиодағы тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттерінің нақтылығы, дәйектілігі басты назарға алынды. Сонымен қатар тәрбие жұмысының жүйелілігі, мазмұнының біртұтастығы және авторлық ерекшелігі де қалыс қалмады. Портфолиоға қоса байқауға қатысушы сынып жетекшілердің эссе-шығармашылық жұмыстары қабылданып, ойдың орамдылығы мен сапасы сараланды.

Келесі «Тәжірибе алмасу» атты бөлімде сынып жетекшілер оқушылармен еркін тақырыпта ашық тәрбие сағатын өткізіп, креативті, жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдаланды. Бұл жерде тек сабақ тақырыбының мазмұндылығы ғана емес, ұстаз бен оқушылар арасындағы тығыз қарым-қатынасқа баса назар аударылды.

Байқаудың екінші кезеңіне өткен сайыскерлер бірнеше тапсырмаларды орындады. «Таныстыру» бөлімінде ұстаздар 3 минут ішінде өзін тек сынып жетекшісі қырынан таныстырып өтті. Ал соңғы «Менің көңілді және тату сыныбым» атты презентациясы сайыстық жұмысында қатысушылар тәрбие жұмысының басым бағыттары, сынып ұжымының ерекшеліктері, сыныптың дәстүрлері мен т.б. түрлі бағыттарын көрсете білді.

Байқаудың барлық ереже-талаптарын орындап, жұмыстарын нақты, түсінікті, нағыз сынып жетекшісіне тән әдістемелік тілмен баяндаған ұстаздарды жүлделі орындар мен номинациялармен әділқазылар алқасы марапаттады. Ал Бас жүлдеге лайықты деп Н.Алдабергенов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Диана Сәпиева танылып, алдағы уақытта облыста өтетін «Үздік сынып жетекшісі» байқауына жолдама алды. Бір айта кетерлігі, өткен жылы облыстық деңгейде өткен аталмыш байқауда Ескелді ауданының Балпық би атындағы орта мектебінің сынып жетекшісі Әйгерім Нысанбаева ІІ жүлделі орынды қанжығасына байлаған еді. Диана Дәулетханқызына да ауданның абыройын асқақтатып, облыстың үздік сынып жетекшілерінің қатарынан көрінсін деген тілек білдіреміз.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.