БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Өткен аптаның соңында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің бірінші бастамасы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», яғни «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру мақсатында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында жиын өтті. Кездесуге «Баспана» ипотекалық ұйымының өңірлік директоры Досым Дәулетбекұлы, Ұлттық Банктің Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханшинов, «Алматы облысын дамыту бойынша «Алатау» АҚ төрағасының орынбасары Бағлан Нұғыманов арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар екінші деңгейлі банк өкілдері түсіндіру жұмысына келді.

Ескелді ауданы бойынша тұрғын үй алуға есепте тұрғандар саны 962 азаматты құрайды. Оның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 136, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары 567, тұрғын үйлері авариялық жағдайда деп танылғандар 3, бюджеттік мекеме, әскери және мемлекеттік қызметкерлер 194 адам бар. Ал аудан орталығы Қарабұлақ ауылында екінші нарықтағы тұрғын үйлердің (вторичное жилье) орташа есептегі құны 10,0 млн.теңгені құрайды.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Елдос Ахметов жаңа тұрғын үйлер салынған жағдайда бастапқы жарна және ай сайынғы төлем қанша болатынын түсіндіріп өтті. Ай сайын тұрақты табыс алатындарға «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алу қолайлы екендігін де айтты.

Аталған бағдарламаны бюджеттік сала қызметкерлеріне түсіндіру мақсатында бүгінгі күні аудан әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде осы бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер саны да біршама.

Қазіргі таңда қатысушылардың саны 85 болса, оның 41 қатысушысы екінші деңгейлі банкке жолдама алды, 14 адамы кері қайтарылды, 1 адамның өтініші мақұлданды, 10 адам алдын-ала мақұлданды, 16 адам жақын арада банкке барады.

Облыстық банк филиалының бөлім басшысы Бағлан Мұраталдыұлы мен ипотекалық ұйымының өңірлік директоры Досым Дәулетбекұлы баспанаға қол жеткізудің жолдарын түсіндірді. Жиынға қатысқан бөлім басшылары, ауыл әкімдері, бюджеттік сала қызметкерлері мен бюджеттік емес мекеме қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ.