АЗАМАТТАР — ТӨРІМІЗДІҢ ИЕСІ

Тәуелсіз Қазақстанның айтулы мерекелері бар. Сол мерекелердің ішіндегі айбындысы – Отан қорғаушылардың мейрамы. Мемлекетіміздің даңқын арттырып, ел іргесін берік етіп, халқымыздың тыныш өмір сүруіне кепіл болатын ерлердің қоғамда алар орны ерекше.

Олар күндіз-түні қалтқысыз еңбек етіп, елінің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етіп келеді. Еліне күн туса қарап тұрмай, жаудың жолын тосқауылдайтын ерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Қай кезде де қазақ халқы ер адамды шаңырағының иесі, отбасының тірегі деп үлкен құрмет көрсеткен. Оларсыз іс алға баспай, алдыға жылжитын тіршілік тоқтап қалардай болады. Табиғат оларды төзімді, мықты, сабырлы, ержүрек қылып жаратқан. Ерлерді дана халқымыз «арыстанға» теңеген. Елінің арыстандары атанатын азаматтардың қатары жыл артып көбейіп келеді.

Отан қорғаушылардың төл мерекесіне орай ауданымыздың Мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Шараға 15-603 әскери бөлімінің сарбаздары мен мектеп оқушыларынан құралған жас ұландар қатысты. Қарабұлақ ауылдық огругі әкімінің орынбасары Еркін Жиендин шараны салтанатты түрде ашып, барша азаматтарды айтулы мерекемен құттықтады. 15-603 әскери  бөлімінің  командирі  Биләл Узбеканов «Отан қорғауды басты парызына айналдырар ерлердің қатары көбейіп, тәуелсіздігіміз баянды болсын», – деп ақ тілегін білдірді. Аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Қуаныш Құрманғалиев жиылған қауымға жүрекжарды тілегін айтып, барша азаматтарға қажымас қайрат тіледі.

Шара барысында Мәдениет үйінің қызметкерлері жиылған қауымға арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды. Олар ән мен биден шашу шашып, мерекенің нышанын биік ете түсті.

Отан қорғап, ел бірлігін асқақтатқан ерлерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бейбіт өмірдің іргетасын берік ететін ерлердің еңсесі әрдайым биік болсын. Отанымызды көркейту жолында аянбай еңбек етіп, әркезде тек табандылық танытқандарыңыз үшін алғысымыз шексіз.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.