АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ұлы Жеңісті ұрпаққа адал еңбекпен сыйлаған ардагерлеріміздің саны жыл артып азайып келеді. Көзі тірі ардагерлерге лайықты құрмет көрсету – жас ұрпақтың басты парызы. Күннің нұрына шомылып, бостандықтың таңын атырып, қамсыз өмір сүріп жатқанымыз ардагерлердің арқасы.

Ауданымыздан шыққан майдангерлердің қатары көп болған. Уақыт өтіп жеңіс туын желбіреткендердің саны азайды. Қазіргі таңда ауданымызда 3 ардагер бар. Олар: Семен Вахтин, Петр Ещенко және Хамза Күмісбеков. Ардақты ардагерлер жас ұрпаққа өздерінің бастарынан өткерген тарихи оқиғалары жайлы айтып, үлгілі өмірлерінен сыр шертіп келеді. Олардың ұлағатты әңгімелері мен аталы сөздерін естіген әрбір жас буын ізетті, тәрбиелі, өнегелі болып өсері анық. Ауданымыздың жастарынан құралған еріктілер тобы жыл сайын ардагерлеріміздің үйіне барып, бау-бақша жұмыстарына көмектесіп, үй шаруасына қолғабыс тигізіп келеді. Осындай игі іс атқарған жас буынға қарап, басқалары да бой түзейді. Ардагерлерді ардақтауды басты парыздарына  айналдырған жастардың қатары көбейе берсе дейміз.

Жеңіс күнінің қарсаңында 3 ардагерге әлеуметтік көмек көрсетілді. Оларға гүл шоқтары табысталып, ыстық ықыласқа толы алғыс айтылды. Жүректерінде  сұм соғыстың өшпес ізі қалған ардагерлеріміздің ерен еңбегі еленбей қалмайды. Олардың баға жетпес ерліктері тарих бетінде алтын әріппен жазылып, кейінгі ұрпаққа өсиет болып қала бермек.

Алима НҮСІПОВА.