ЖАС ҰЛАНДАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Жас буынға патриоттық тәрбие беріп, олардың рухын биік ету қоғамның басты міндеті. Мемлекетіміздің көк туын аспанда биік ұстап, ел іргесін бекемдету – жас өреннің қолында.

Жақында ауданымызға қарасты мектеп оқушыларының қатысуымен орталық Жастар стадионында «Жас ұлан» атты әскери-спорттық ойыны өткізілді. Оған 15 пен 18 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Әр мектептен 5 ер бала мен 2 қыз бала сайысқа түсті. Шараның мақсаты – жас өренді отансүйгіштікке тәрбиелеу және әскери техникалық-білімді қалыптастыру. Оқушыларды алғашқы әскери дайындық сабағынан беретін ұстаздары жарысқа  сақадай сай қылып дайындаған. Олар әскери киім киіп, сап түзеп, әрбір мектептен құралған топ өздерінің патриоттық әнін айтып, саптық тапсырмаларды орындады.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Талғат Бекбосынов «Жас ұландар» сайысын салтанатты түрде ашып, ел ертеңі жас өреннің қолында екенін айтып өтті. 15-603 әскери бөлімінің майорлары Елдар Асинов пен Нұржан Асылбеков, командир Азамат Далабаев, лейтенант Нұрстан Сейдалиев және Абай орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Айгүл Қожабекова сайыстың әділқазы алқалары ретінде таныстырылды.

«Өнерліге өріс кең» демекші, жас ұландар автоматты бөлшектеп, жинақтаудан, ұзындыққа граната лақтырудан, нысана көздеп, мылтық атудан, ұлдар кермеге тартылудан және қыздар арқамен жатып, денені жерден көтеруден жарысқа түсті.

Жарыс әділ түрде өтті. Әділқазы алқалары жарыстың әрбір кезеңін бақылап, оқушыларға әділ баға беріп отырды. Сайысқа түскен  жас ұландар әскери-техникалық білімдерінің терең екендігін дәлелдеп берді. Олар сайыстың әрбір кезеңінен мүдірмей өтіп, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындады.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі I орынды Алдабергенов атындағы орта мектебі иеленді. Шестаков атындағы орта мектебі мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі II орынға табан тіреді. Ал III орынды Абай атындағы орта мектебі, Байысов атындағы орта мектебі және Рүстембеков атындағы орта мектептері иеленді.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.