ҰЛТ ҰРПАҒЫ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫН ҰМЫТПАЙДЫ

Жетісулық дарынды ақын, Алаш сыйлығының иегері Сәкен Иманасовтың:

«Басына байлық, бақыт тұрар дарып,

Шыңына қарайсың-ау құмарланып.

Керемет көргің келсе, қайтайық та,

Қаулаған батыр ауылы Шұбар барып», – деп жыр тиегін ағытқан өңір – бұрынғы Шұбар, қазіргі Алдабергенов ауылы. Құт дарып, бақ қонған елді мекеннен бүкіл елімізге, алыс-жақын мемлекеттерге аты әйгілі тарихи тұлғалар, елін-жерін қорғаған хас батырлар, әділетті ту еткен тура билер, сөздің майын тамызған дүлдүл ақындар мен жердің айызын қандыра баптап, мол өнім өндіріп, қамбасын астыққа толтырған еңбек ерлері шыққан қоныс екенін халқы әрқашан мақтан етеді.

Шұбар ауылында еңбектен бақытын тауып, туған анаға деген борышын адал ақтаған абзал азаматтарымыз, аяулы апаларымыз көп болған. Олардың жиырмасы Еңбек Ері және біреуі Кеңес Одағының батыры атанды. Олар: Нұрмолда Алдабергенов, Сара Әлімбекова, Тәшенбала Айдарбекова, Базарбай Асанбаев, Дубек Батырбаев, Феодосия Гайворонская, Әбдіқадыр Дайыров, Зәріш Дайырова, Қатша Есболатова, Нұрила Жидебаева, Әппақ Мүсәпіров, Саумал Ноғайбаева, Ақық Нұрманбетов, Нұрғали Нұрпейісов, Ахметқұл Рысқұлов, Дәуітәлі Серіков, Қалдыбала Тергеуова, Мыр-зақұл Терлікбаев, Қасым Асанов, Шаймұханбет Сапиев және Кеңес Одағының батыры Матай Байысов.

Омырауларына алтын жұлдыз қадап, өздерінің туған жерге іздерін өшпестей етіп қалдырған абзал азаматтарымыз бен аяулы апаларымыздың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Еңбек ерлерінің халқына, еліне тигізген шарапатын, сіңірген еңбегін, азаматтық қасиеттерін кеңінен насихаттау арқылы келешек ұрпақтың мәңгілік есінде қалдыру мақсатында жақында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Н.Алдабергеновтің мемориалды музейінде «Ұлт ұрпағы ұлы тұлғаларын ұмытпайды» атты кездесу кеші өткізілді. Аталмыш шараға Еңбек ерлерінің ұрпақтары, Ескелді ауданының Құрметті азаматтары, мекеме ұжымдары, ауыл тұрғындары және мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

Шара арнайы шақырылған қонақтарды музей ауласында дәстүрлі арнаумен қарсы алумен басталып, Ескелді аудандық кітапханалар қорынан безендірілген «Ұлылар ұлағаты» атты кітап көрмесі таныстырылды. Кездесу кешінде Еңбек ерлерінің ұлағатты өмірінен сыр шертетін әңгімелер айтылып, олардың ұрпақтарына көптеген сауалдар қойылды. Шара барысында тақырыпқа сай презентация көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Тағылымды кездесу соңы Н. Алда-бергеновтің мемориалды музейінің меңгерушісі Гүлшат Шаймұханбетованың «Халқымыздың ардақты перзенті, ғаламат еңбек ерліктерімен есімі ел есінде мәңгі сақталып қалған нар тұлға Нұрмолда Алдабергеновтің жасампаз жақсылықтары жастарымыздың жақсы істерімен жалғаса бер-сін» деген ізгі ниетімен аяқталды.

Г. Бақаджанова,

Н. Алдабергеновтың мемориалды музейінің экскурсия жүргізушісі.