Бейбіт Исабаев өңір зиялыларымен жүздесті

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі зиялы қауыммен кездесті. Кездесуге мәдениет, білім, журналистика, спорт және басқа да салалардың өкілдері қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев еліміздің үлкен өзгерістер кезеңінде тұрған бүгінгі жағдайында ұлттың болашағына зиялылардың тигізер әсері мол екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құру жолындағы тың бастамаларын іске асыруда бірінші кезекте Сіздердің қолдауларыңыз бен ерік-жігерлеріңізге көп нәрсе байланысты. Бүгінгі қоғамды алаңдатқан әрбір мәселеге енжарлық танытпай, азаматтық ұстанымдарыңыз бен көзқарастарыңызды ашық білдіре отырып, оларды уақытында, ортақ мүддеге сай тиімді шешудің жолдарын іздеген абзал. Ендігі жерде әрбір азаматтың өз ұстанымы қалыптасуы тиіс, — деді Б.Исабаев.

Бүгінгі ортада еңбекті ең үлкен құндылық ретінде қалыптастырғанда, білімді диплом үшін емес, өзіңді жетілдіру үшін, елдің кәдесіне жарату үшін меңгергенде, қоғам сапалық тұрғыдан өскенде ғана өзгерістеріміз нәтижелі болатынын тілге тиек етті. Оған, әрине, бірден бір ықпал ететін зиялылар тобы болмақ. «Байлық та, мансап та зиялылықтың өлшемі бола алмайды. Оны белгілі бір мамандықтардың аясында қарастыру да қате. Ең бастысы, оны көрген-түйгені мол, ақыл-ой еңбегін серік еткен, елдің қоғамдық-саяси өмірінің өтінде тұратын, мемлекет мүддесі жолында қызмет еткен адам деп білеміз. Осы ретте Жетісу өңірінің зиялылары деп бүгін өздеріңізбен пікірлесуді жөн көрдім», — деді облыс әкімі.

Еркін пікір алмасу, ой бөлісу форматында өткен кездесуде бірқатар азамат өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, «Айналайын» балалар үйінің әдіскері Несіпжамал Баймадиева, ардагер журналистер Әміре Әрін, Атсалим Идигов және басқа да азаматтар ұрпақ тәрбиесі, тіл, идеология, балалар шығармашылығын дамыту, жастарды технологиялық мамандықтарға бейімдеу, аудан, ауылдарға жас мамандарды жағдай жасай отырып тарту туралы кеңінен пікір алмасты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтылған барлық пікір-ұсыныстарды назарға алып, ой елегінен өткізіп, қарастыратынын айтты. Көпшілік сөз еткен бала тәрбиесінде дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірудің маңызын да атап өтті.  

— Сөз болған мәселелердің ішінде көпшілігіңізді жастардың тәрбиесі мазалайтынын байқадым. Рас, өте өзекті тақырып. Бірақ бір ғана ескі әдіс-тәсілдерімізбен балаларды тәрбиелей аламыз десек қателесеміз. Бүгінгідей  ақпараттар тасқыны балаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Бала ұзын-сонар ақылымызды тыңдаудан тез жалығады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды баланың басынан сипап отырып сіңіру керек, — деді өз сөзінде. Сол сияқты жас мамандарды аймақтарға тарту, оларға тұрғын үйлер салу, жұмыспен қамту сияқты басқа да маңызды әлеуметтік мәселелердің орынды көтеріліп отырғанын айтып, өңірге инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытындағы бірқатар жоспарлар бар екенін, бұл орайда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де назарда болатынын жеткізді.