Әміре Әрін: Журналистика-қоғамды дамытуға қызмет ететін мамандық

Журналистика мамандарын дайындау, журналистика кадрларын іріктеу,оларға бағыт-бағдар беру, біз секілді ардагер журналистердің басты борышы.

Талдықорған қаласындағы журналистер үйінде «Workshop» өткізу дәстүрге айналды. Сол дәстүрлі кездесу бүгінде өз жалғасын тауып,«Жетісу» газетінің бас редакторы, ҚР Құрметті журналисі Әміре Әрін Жетісу Мемлекеттік университетінің «журналистика» мамандығының білімгерлерімен тағлымды кездесу өткізді.

Жастар жылы аясындағы жылы жүздесуде қазақтың көрнекті ақыны газеттің облыстағы беделі туралы салиқалы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ басылымның бағыт-бағдары, халыққа қызықты топтамалар жайында ой қозғап, өзінің журналистика саласында жинаған тәжірибиелерімен бөлісті.

«Қазақстан журналистикасы әлем деңгейінде алғанда  жақсы дамып келе  жатыр, тәуелсіздіктің одан әрі дамып, бүкіл әлемге танылған уақытта журналистиканың өрісі ерекше дамып отыр. Демек журналистика биіктеген сайын кадрларда өсу керек. Яғни, осы тұрғыда  жас журналист білімгерлерге  теориялық біліммен қатар практикалық білім беріп, тәжірибеден өткізу, бағыт бағдар беру біздің парызымыз.Жас журналистер біздің келешегіміз. Ертеңгі күні біздің зымыран дәуіріміздің жылнамасын жазатын,тәуелсіз қазақстанның асу-асу белестерін көрсетіп, асқаралы жетістіктерін келер  ұрпаққа, тарихқа қашап жазатын осы жастар. Жастарға деген тәрбие,тағлым, білім ерекше болу керек»,-деді «Жетісу» газетінің бас редакторы, семинар оқытушысы Әміре Әрін.

Айта кетейік,ақын «Тамызық»(2004),«Тылсым тыныс» (1999), «Кенен жерім – Көксуым» (2004) сияқты прозалық, публицистикалық жинақтардың авторы.1997 жылы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықты, 1998 жылы «Қазақстан Республикасы Спортына еңбегі сіңген қызметкер» атағын алған, 2003 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, Елбасының Алғыс хатымен марапатталған. Қаратал ауданының Құрметті азаматы атағын алған.