Қазақ детективінің атасы

Әдебиет әлемінде өзіндік орны бар, өрнегі бар жанрдың бірі – детектив. Осынау жанр мен қазақ әдебиетінің байланысы, қарым-қатынасы туралы айтқанда еске ең алдымен көрнекті жазушы Кемел Тоқаев түсетіні анық. Қасиетті Қаратал өңірінің тумасы қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүбелі үлес қосқан азаматтың бірі. Осы орайда көрнекті жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы аз кем тоқталып өтуді жөн көрдік.

Қазақ детективінің атасына баланған жазушы 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген. Кемел Тоқаев соғыс заманның тауқыметін жастайынан көріп өскен буынның өкілі. Алайда оны оқу-білімге деген құштарлығы барлық кедергіден мойымай өтуге жетелеген болатын. Бозбала шағында майдан даласына аттанып, екінші дүниежүзілік соғыстың алдыңғы саптарында айқасты. Сталинград соғысында танк полкінде жанкештілігімен көзге түсіп, кейінірек Украина, Беларусь, Польша секілді мемлекеттерді азат ету операцияларына араласты. Өрімдей жас шағында оқ пен оттың ортасында жүрді. Кемел Тоқаев бірнеше рет ауыр жараланады, тіпті, жарақатының ауырлығына байланысты елге оралуға мәжбүр болған. «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғау үшін» секілді төсбелгілермен марапатталған болатын.

Қарымды қаламгер

Ел тарихында өшпестей залал келтірген тажал соғыс аяқталғаннан кейін Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түседі. Осында бала күнгі армандарына жету жолында білім жолына түседі. Оқуды тәмәмдағаннан соң «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» секілді ірі басылымдарда еңбек жолын бастады. Осындай «газет» деген үлкен мектептен өткеннен соң әдебиетке бет бұрған еді. Осылайша Кемел Тоқаев сол кездегі көп жазушы сияқты өзінің алғашқы еңбек жолын журналистикадан бастады. Кейін толыққанды әдебиетке бет бұрған талантты жазушы детектив жанрына қалам сілтеді. Бұл жанрды таңдауы да тегін емес. Ол майданда көзбен көргендері мен көңілге түйгендерін көркем дүниеге айналдырды. Әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрді. Қазақ КСР Жоғары кеңесі «Ведомостінде» бас редактор, Қазақтан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылды. Тұңғыш әңгімелер жинағы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Жұлдызды жорық» деген атаумен жарық көрді. Бұл кезеңде Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» секілді тағы басқа шығармалары оқырманмен қауышты. Оның кез келген шығармалары кезінде оқырмандарға 450 мың дана таралыммен тарады. Өзге қазақ қаламгерлері арасынан бірінші болып, детектив жанрында қалам тербеген азамат үшін бұл үлкен жетістік деуге болады. Қараталдық жазушы тың жанрды өрге сүйреп, негізін қалады. Ал қаламгердің «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті» романдары әдебиетіміздің алтын қорына енгені сөзсіз. Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі екінің бірі дәті барып қалам тартпайтын әлемдік әдеби жанрдың қазығын қақты. Әлем жауһарының бір түр ерекшелігі саналатын детективті романтизм мен реализмнің тоғысуы арқылы жаңа әдеби – тарихи жағдайда көркемдікпен кестелеп, жаңа деңгейге көтерді. Сондықтан, әдебиеттегі К.Тоқаевтың шығармашылығын зерттеу арқылы оның жаңа сипаттағы қазақ әдебиетінің қалыптасуы дәуірінде әдеби күрестің бел ортасында болғанын айқындай аламыз. Қаламгер өзіндік үні мен шығармашылық ерекшелігі арқылы қазақ әдебиеті классиктері плеядасы арасынан өз орын мәңгіге тапты десек артық айтқандық емес.

Кемел Тоқаев
пен қазақ киносы

Детективтің оқырманы, әсіресе, батыс елдерінде көп әрі талай буын оқырман қалыптасқан. Аталмыш жанрға қалам сілтегендер ол жақта талай замандардан бері бар. Мысалы Оноре де Бальзак. Француз классигі өз замандасы, Париждiң атақты iз кесушiсi Видокпен жақсы таныс болған екен. Осының арқасында жазушы шығармашылығына арқау тапты. Досынан алған ақпаратты әдеби елегінен өткізіп, қорытып, шығарма ретінде жариялады. Кейін бұл туындының желісімен тамаша киношығармалардың жарық көргендігін де білеміз. Детектив жанрының талай туындысы кино әлемінің жарық жауһарларына айналғаны да мәлім. Бұл ретте, әрине, Артур Конан Дойльдың атақты Шерлок Холмсын айтпай өтуге болмас. Кемел Тоқаевтың қаламынан шыққан дүниелер де экранизацияланды. Мәселен, оның басты кейіпкерінің бірі – Қасым Қайсенов. Партизан жазушының жанында жүріп, әңгімесін естіп, көңіл күнделігіне түртіп жүріп, жаңа бір шығарманы дүниеге әкелді. Тіпті Қайсеновпен бірге Украинаға да барды. Партизан жүрген жолдармен жүріп, батырдың ізі қалған орындарды аралап көрді. Украина сапары жайында жазушы: «Киев қаласындағы оншақты партизан арасында кездесуде қонақта болып, олармен бірге соғысқан майдангерлерше достасып, тез тіл табысып кетті. Екі-үш күннен кейін Борисполе, Переяслав-Хмельницкий аудандарындағы партизандарды аралап, Ұлы Отан соғысы тарихында қисапсыз қанды қырғын болуымен ерекше есте қалған Букрин плацдармы басталған Григорьевка селосы тұсындағы атақты өткелге келдік. Міне, Днепрдің шығыс-сол жақ жағасында – Григорьевка селосының қарсысында тұрмыз. Өзеннің оң жағы таулы беткейге бекініп, бетқаратпай тұрған жау бекінісін бұзып, ату міндеттелген. Биіктен жауған оқ бас көтертпейді. Днепр бойын жүздеген ұшақ тоқтаусыз бомбалап, су арнасынан асып-тасып жатты. Тажал аузында тұрғанымызға қарамастан қыркүйектің 21-нен 22-сіне қараған түні, өз отрядымен 120 партизан іріктеп алып, қол қайықпен арғы жағалауға өтіп шығып, жау техникасына толып тұрған Григорьевка селосын фашистерден азат етіп, арттан келе жатқан Қызыл Армияға жол ашқанымды Украинаның куәгер партизандарынан өз ауыздарымен естігенде Кемел:
– Ойпырым-ау, неткен ғажап ерлік еді. Сол ерлігіңізге батыр атағын қайтсем де алып беремін, – деп жарлық та, билік те өз қолында тұрғандай айбаттанып, қолымды қатты-қатты қысып еді. Адал жүректі, ақ пейілді асыл азаматтың айтқаны айдай келді. Елбасымыз «Ерлік ешқашан ескірмейді» деп кеудеме батырлық белгісі – Алтын жұлдызды ақыры қадады. Кемелдей тілекші қаламгер інімнің де көкейін өртеген ақ арманы түбі орындалды, – деп жазады.
Жалпы, шығармашылық адамдары өз тақырыбын, кейіпкерін жете тану үшін оның қасында жүріп, зерттеген. Бұған дәлел көп. Мәселен орыстың әйгілі классигі Лев Толстой өзінің атақты «Воскресенье» дейтін романын жазу үшін жезөкшелер үйінде бірнеше ай тұрған деседі. Сол сияқты орыстың тағы бір заңғар қаламгері, психологиялық шығармаларымен танымал Федор Достовскийді алуға болады. Ол да өзінің толғаған дүниесін жақын білу үшін, оның табиғатын тану үшін көптеген әрекеттерге барған. Кемел Тоқаевтың Украинаға сапар жасап, Қасым Қайсеновтың жанында бірге жүргені де шығармашылық адамының ізденісін көрсетеді. Бұл қыры қараталдық жазушының Толстой, Достоевский сынды шеберлердің қатарына талпынғанын айқындайды. Қазақ қаламгері, детективтің атасына баланған жерлесіміз осылайша өзінің нысанаға алған тақырыбын терең зерттеп-зерделеуге ұмтылған.
Кемел Тоқаев қаламы қарымды жазушы ретінде елге танылып, қазақ әдебиетіне жаңа серпін алып келді. Детектив жанрында жазған дүниелері ой ұшқырлығымен, жағдаяттың керемет сипатталынуы, сөздердің өзара керемет үндестігімен де ерекшеленеді. Мәселен, қаламгердің шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Ұясынан безген құс» романы. Шытырман оқиғалы роман жанрында жазылған шығармасында детектив формасын ұтымды пайдаланған.
«Шегебай дейтін сауда қызметшісі колхозшыларды таразыдан жеуі үстіне ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ. Қызғаныш құрты жегідей жеген қара ниет ақыры жақын туысқаны өсіп кетеді деп пышақ салуға дейін барады. Сол Шегебай тағы да бір жақын туысының тойын тоз-тозын шығармақ боп байбалам салады. – Балам, мынауың білгеннің ісі емес, пейілі шикі, ақылы күйкі пенденің бишаралығы дер ем. Бауырыңды, жақын жұрағатыңды жат кө-ріп, ортаңнан, жұртыңнан алыстап, қайда барасың? Кімнен тірек таппақсың? Ұясынан безген оңбайды», – деп жазады.
Осындай жолдардан оқырман Кемел Тоқаевтың шым-шытырық оқиғалы шығармаларды керемет өрнектегенін көреді. Сондай шым-шытырыққа толы тағы бір хикаяты – «Көшкен үйдің қонысы қайда?
Төл әдебиетімізде Кемел Тоқаевтан бөлек детектив жанрына қалам тербегендер қатарында Қалмұқан Исабаев («Ажал құрсауында», «Коменданттың жазбалары»), Болат Бодаубай, Шәкен Күмісбайұлы, Мұхтар Анарбекұлы, Мұхадас Балажанов, Алдажар Әбілов, Орынбек Асылбаев, Шойбек Орынбай сияқты жазушылардың есімін атап өтуге болады. Бұл қаламгерлердің барлығы Кемел Тоқаев салған сара жолды жалғап, жанрға жаңа үн қосқан азаматтар.

Бақ Дәулет