Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік құндылықтарын дамыту

Мемлекеттік қызметшілердің оң бейнесін қалыптастыру мен нығайту – мемлекеттік жүйені дамытудың басым бағыттарының бірі. Ал мемлекеттік қызметшілердің оң бейнесіне қойылатын негізгі талаптар «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29-желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде анықталған.

Онда «мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Сонымен қатар осы Әдеп кодексінде Ата Заңға, 2015 жылғы 23-қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және 2015 жылғы 18-қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға сәйкес, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормалармен мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын негізгі талаптар, сондай-ақ олардың тәртіптерінің базалық стандарты белгіленеді. Ол мемлекеттік органдарға қоғамның сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынаста жоғары мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз қылықтарының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22-ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді. Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды – адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Кодекстің жаңа редакциясында «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және Мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тергеп-тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды.
Әрине, мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой, бірақ кәсіби тәжірибемен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу да өте маңызды. Әсіресе, қазіргідей жаңа ақпараттық технологиялар жағдайында және БАҚ-тардың бостандығында. Мемлекеттік қызметші атанудан үміткер адамдар халықтың алдындағы жауапкершілік жүгін анық сезінуі үшін ең әуелі өзінің моральдық-әдептік құндылықтарын дамытуға күш салуы керек. Өйткені Әдеп кодексіндегі талаптарды сақтауы – олардың қызметтік парызы, ал бұзуы ҚР заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеліп соғады.
Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік тәртібі және олардың өз міндеттеріне қатысты әділеттілік деңгейі жалпы қоғам жағдайының, ондағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің, инвестициялық ахуал жағдайының және т.б. маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функцияларына мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызмет туралы заңдарына түсіндірме және кеңес беру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру жататыны. Алайда бұл жауапкершілік жүгін арқалау оңай шаруа емес. Ол үшін өмірлік мол тәжірибе қажет-ақ.
Мемлекеттік қызметшінің моральдық-әдептік құндылықтарын дамыту арқылы оның оң имиджін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектілерді қарастырады. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби шебер болуы жеткіліксіз. Оның тартымды, әлеуметтік топтардың көпшілігіне қолайлы бейнесі болуы қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің бейнесі — ең алдымен билік органдарында жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың мінездемелерінен, олардың образдарын тікелей және жанама құрастырушы факторлардан қалыптасады. Оның қалыптасуы — күрделі және ұзақ үрдіс. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы мен тәртібі әрдайым ашық. Оның бейнесі — мемлекет бейнесінің бір бөлігі. Мемлекеттік қызметшілердің, жалпы мемлекеттік органдар басшыларының жұмысы бойынша биліктің пәрменділігі, олардың қарапайым халықтың мұңы мен мұқтажына жауап бере білу дейгейі бағаланады. Мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жоғары жауапкершілік осыдан туындайды.
Мемлекеттік қызметшінің бейнесі адамның сыртқы келбетімен қатар оның ішкі мазмұны мен психологиялық түрінен құралады; ол уақыт пен қоғамның талабына сай келеді. Әлбетте, ішкі философия сыртқы келбетіне, мінез-қылығына және әріптестерімен қарым-қатынасына әсер етеді.
Жағымсыз бейне, өз кезегінде, мемлекеттік билік пен халық арасындағы байланыс жүйесінде проблемалар, яғни мемлекет пен қоғам арасында проблема туындауы мен дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастырудың мақсаты билік құрылымдарының жұмысын тиімді ету емес, барлық азаматтарды оның жұмысының тиімді екендігіне сенімді ету болып табылады.
Ал Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қоя отырып, қоғамның мемлекеттік қызметшіге сенімін жоғарылатуға бағытталған. Сондай-ақ онда мемлекеттік қызметшінің жүріп-тұруы, жұмыстан тыс уақытта, қызметтік жағдайда, халық алдында сөйлеу кезінде өзін-өзі ұстауы сияқты жалпы стандарттар белгіленген.
Қоғаммен қатынас кезінде мемлекеттік қызметшінің сырт бейнесі мен моральдық құндылықтары да аз рөл атқармайды. Сол себепті қала әкімдігіндегі барлық кадрларға пара беру, сыйлық алу фактілерін болдырмауды, әлеуметтік желілерде сыни тұрғыдағы фотоларды жарияламауды ұдайы ескерту қажет. Кез келген мемлекеттік қызметші мынадай міндеттерді сақтау қажет: Біріншіден, басшылар қол астындағы лауазымды тұлғалармен тәртіп бұзушылықты болдырмау мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізуі тиіс. Екіншіден, жұмыстан тыс уақытта ішімдік ішкен ортада болуды шектеуі керек. Үшіншіден, киім кию үлгісін сақтау, жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау, соның ішінде сыйлықтарды қабылдамау.
Жалпы, билік пен қоғамның байланысын нығайту екі бағытта жүргізілуі мүмкін. Бірінші, қоғам өзінің құндылықтары мен идеалдарын, моральдық нормаларын танитын билікті көргісі келеді. Сондықтан билік халықтың сенімінен шығуға ұмтылып жалпы құндылықтар мен идеалдарды ұстануы қажет. Екінші, билік өкілдері жай ғана жарқыраған көшбасшылар емес, қоғамда кең тараған дінді жақсы меңгерген, халықтың арасынан шыққан, оларға қол жетімді және биліктің дәлізінде олардың мүддесін жақтайтынын көрсетуі қажет.
Билік құрылымдарының бейнесін жақсы жағына өзгерту, осы құрылымдарға деген көзқарасты да өзгертеді, мемлекеттік биліктің жұмысының тиімділігін арттырады. Әрине, бұл өзгерістер қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар, тұтас мемлекетке сенімін арттырады. Ал өз мемлекетіне сенімді азаматтар, оның болашағына да сеніммен қарап, өз елінің игілігін арттыруға бар күшін салады.
Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру мүмкін емес, себебі егер қоғамда белгілі бір этика сақталмайтын болса, адамдардың арасында қарым-қатынас бұзылып кетуі мүмкін. Сондықтан әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған. Мысалы, үлкендерге құрмет көрсету, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, адамдардың қызығушылықтарын балағаттамау және т.б. Этиканы сақтау өмірдің әр саласында әр түрлі. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы басты назарды аудартады. Мемлекеттік қызметкер әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен, аса үлкен дайындықпен қызмет атқару тиіс. Қызмет орнында өзін-өзін ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киім үлгісі тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу анық әрі түсінікті жүйелі түрде сөйлей білу — осылардың барлығы қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады.
Мемлекетке қызмет ету – қоғам мен мемлекеттің тарапынан ерекше сенімге иелену, моральдық-әдептілік талапқа сай келіп, еліміздің жарқын келешегін түзуге бар күш-жігерді жұмсау. Лайым осы бағытта аянбай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына үлес қосайық!

Ж.Жолдыханов
Ескелді ауданы әкімі
аппаратының басшысы-
Әдеп жөніндегі уәкілі