Медицинаның майталман мамандары

Елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім арпалысындағы адамды ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі.

Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмайды. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Әуелі «жүрек» керек, адалдық тағы керек. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек пен, ақ халатқа дақ түсірмеу керегі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны анық.

Балалардың «Тіс ауырса, іш ауырса, анам дәрі береді» дейтін тақпағын жиі еститін боларсыз. Қай адам үшін тістің тазалығы мен амандығы аса маңызды. Өйте тұғын жайы бар. Тіс сау болмаса, басқа ағзаға қауіп. Батыстың бір философы «Өмір сүру үшін азықтанамын» деген сөзі есіңізде болар. Ал сол азықты ағзаға оңтайлы жеткізу миссиясын тіс атқарады. Демек, өмір сүру үшін азықтану қажет болса, тістің саулығы аса қажет. Бүгінде тұрғындардың тіс саулығын қалыптастырып жүрген құрметті ақ халаттылар қатарымызда жүр. Кейде оларды байқай да бермейміз. Ісіміз түспегесін қайдан білмекпіз. Сондай құрметке ие жандардың бірі һәм бірегейі — Ләйлә Баяханқызы.

 — Дәрігер болу – үлкен мәртебе. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Меніңше дәрігер болу менің қолымнан келеді. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат, — дейді Ләйлә Баяханқызы.

Кейіпкерімізбен сыр тарқату барысында тіс дәрігері болуды бала күннен қалағанын, тіпті армандағанын білдік. Отыз төрт жылдық еңбек жолында сол таңдауына өкінбепті де. Қазіргі уақытта аудандық аурухананың басшысы С.Құсмолданова сала мамандарына шабыт беріп, жұмысқа деген ынтасын артырып отырған көрінеді. Іштей халықтан да, қарауындағы қызметкерлерден де ризашылық алған аудандық аурухана басшысына алғыс жаудырып отырдық. Несін жасырайық. Одан бөлек басшыдан қамқорлық пен қолдау сезінген кейіпкеріміз жанында қатар жүрген үш жас маманның ынтасы мен зейініне де тәнті екенін жеткізді. Әңгіме барысында Ләйлә Баянқызы пайдам тисін деді ме, әлде оқырмандар назарда ұстасын деді ме, әйтеуір тіс саулығына қатысты тәлімімен, тәжірибесімен бөлісті.

— Тіс саулығын сақтау үшін бірінші, әрине, тәттілерден бас тартқан жөн. Екіншісі, ұннан жасалған тағамдар. Үшінші, фаст-фуд. Жалпы, тәтті тамақтар мен тәтті сусындарды көп тұтынбау керек. Бұрын балаларға арналған стомотология жоқ еді. Қазір соның факультеті ашылды. Неге? Кеше ғана дүниеге келгенде балада тіске келгенде қандай мәселе туындауы мүмкін? Неге тістері шыға салып, қарайып кетеді, сынып қалады?! Әрине, бұның бәрі дұрыс тамақтанбаудан, экологиядан. Тіске зияны жоқ өзіміздің қымызымыз бен етімізді тұтынған жөн. Сүт өнімдерін көп пайдалану керек. Сүт тісті қатайтады. Витаминнің бәрі етте. Сол себепті ет те тіске пайдалы, — деді Ләйлә Баянқызы.

Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұны қайталап айтудан біз жалықпайық, сіз оқудан жалықпаңыз. Себебі бұл салада адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте Ескелді аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөлімшесінің аға фельдшері Меруерт Нұрланқызымен сыр шерткен едік.

 — Мен үшін өмірдегі басты марапат – науқастарымды дені сау және бақытты қалпында көру. Өзім бір кездерде көмек берген адамдарды кездестіргенде қандай қуаныш сезімі билейтінін көрсеңіз! Олардың есімдерін білмеймін де, ал олар болса үнемі мені естеріне алып, арнайы келіп амандасып, алғыстарын айтып тұрады. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес, — деді кейіпкер.

Меруерт Нұрланқызының осы сөзінен-ақ оны осы салаға шынайы берілгенін, дерт пен дауа шайқасында жеңістің ақ жалауын желбіретуде ештеңеден тартынбайтынын аңғаруға болады. Себебі, Меруерттің бұл мамандығы – анасының арманы. Кейіпкердің анасы бала күнінен құлағына «бір үйде бір дәрігер болуы керек» деп құйса керек. Ал құймақұлақ боп өскен Меруерт Нұрланқызы ана арманын орындау үшін барын салып келеді. Тіпті, ол үшін қуанбаса, өкінбейді. Себебі оның арманға, анаға деген адалдығы өкіндірмейді. Сырласу барысында кейіпкеріміз бір күндік жұмысының жайын баяндап берді.

— Әдетте жедел жәрдем қызметіне өтініш білдіргенде, науқастың немесе зардап шегушінің аты-жөні, тегі, нақты мекенжайы, кіретін есіктің код нөмірі, үй ауласына кірудің төте жолы туралы ақпарат берілуі керек. Сондай-ақ, жедел медициналық жәрдем қызметінің диспетчерімен қажетті бригада саласын анықтау үшін қойылған барлық сауалға дұрыс жауап беру қажет. Жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін науқастың немесе зардап шегушінің жанынан бөтен біреулерді алыс ұстаған жөн. Бригада келгенге дейін науқастың ауруы туралы мәлімет беретін үйдегі бар медициналық құжаттарды дайындап қою керек. Науқас ауруханаға жатқызылатын боп шешім қабылданған жағдайда санитарлық автокөлікте бір жақын адамының бірге баруына рұқсат етіледі, — деді кейіпкеріміз.

Медицина десе көз алдыңызға не елестейді? Ақ халат, аурухана, медициналық эмблема, науқастар… Ал бұлар тек сырт көзбен қарағанда байқалатындар, ал оны жетік оқып, меңгерген адамға «медицина» сөзі ең асыл, қымбат, шексіз мағыналы сөз. Сондай-ақ, дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек деген ата – бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу ол да бір өнер! Міне осындай тағы бір өнер иесі, аудандық ауруханамыздың жас маманы Ернат Саматұлы.

Кейіпкеріміздің отбасында дәрігер мамандары жоқ. Алайда, денсаулық арашашысы болуды бала күннен армандапты. «Бір адам – бір өмір» қағидасын ұстанған тұлға бүгінде барын салып елге қызмет етуде.

— Бала кезден арманым дәрігер болу еді. Алға қойған мақсатым мен арманым нық. Халқыма, еліме қол ұшын беру. Әрбір адамның бойында өмірдің құпиясы, даналығы, ерекшелігі сақталғандай. Адаммен танысу арқылы, онымен сөйлесу арқылы өмірдің кейбір сырларын тани білгендей боласың. Бұл күндері дәрігер туралы пікір көп ел арасында. Біреулер жерге сыйғызбай мақтап жатса, екіншілері жерден алып, жерге салып даттап, қаралап жатады. Өмірдің өзі солай ғой. Дәрігер мәртебесі әрқашан биік, жоғары болмақ. Іңгәләған сәбиден, еңкейген қартқа дейін осы дәрігердің алдынан өтеді. Медицинада өз орынымды таптым деп ойлаймын. Басқа жерде жұмыс істеймін деп ойлаған емеспін. Дәрігер болғандықтан науқаспен жұмыс істеген жақсы. Адамға көмектесу, тіпті адам жанын арашалау, өмірін құтқару, — деді дәрігер.

Тауға да ұрып, тасқа да ұрып сау басын,

Пенде шіркін кеш ойлайды тәубасын,

Дәрігерді жаратқан ғой тәңірім,

Адамдарға рахымы мол болғасын! -деп ақындарымыз жырлағандай, кешегі мен бүгінгі күннің майталман ақ халатты абзал жандарымыз аман болсын. Кешегі күндері тарих, бүгінгісі үлгі боларлықтай істері алға бассын. Қанша мақтап, талдап еңбектерін жазсаңда сөз таусылар емес… Бастысы, ақхалаттыларға әрдәйім алғыс айтып жүрейікші, оқырман!

Іңкәр Ерболқызы