Қазақстан Орталық Азиядағы ең тартымды инвестициялық бағыт болып қалуда

Елордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті, оған ірі трансұлттық компаниялардың топ-менеджерлері, мемлекеттік органдардың басшылары және халықаралық ұйымдардың лауазымды өкілдері қатысты.

Кезекті отырыс ESG экологиялық, әлеуметтік және басқару стандарттарын сақтау мақсатында экономиканы декарбондау және төмен көміртекті технологияларды енгізуге арналды. Бұл тақырып қазіргі уақытта өте өзекті, климаттық өзгерістер бүкіл әлемде байқалады және сарапшылардың болжамдары көңіл көншітпейді.

Жалпы отырыста Мемлекет басшысы мәлімдегендей, инвестициялық ахуалды және инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі жақсарту мемлекетіміздің стратегиялық міндеттері болып табылады.

«Қазақстан Орталық Азия елдері арасында инвестициялық магнит ретінде қалуда. Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 млрд АҚШ доллары инвестиция салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Бір айта кетерлігі, шетелдік инвестициялардың 60 пайыздан астамы экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Біз бұл инвестицияларды жоғары бағалаймыз және шетелдік серіктестер алдындағы барлық міндеттемемізді мінсіз орындауға бар күшімізді саламыз. Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын күшейте түседі. Қазіргі геосаяси тұрғыда біз шетелдік компаниялармен тікелей ынтымақтастық орнату үшін барлық институционалдық жағдайларды жасауға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.

Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыс ауқымды реформалармен сүйемелденетін болады. Әңгіме адал бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою, тиімді мемлекеттік басқару және адами капиталдың сапасын арттыру, сот жүйесін реформалау туралы болып отыр.

Отырыста Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі жөніндегі шаралар және ауқымды экономикалық, технологиялық және әлеуметтік қайта құруларды көздейтін стратегия жобасын әзірлеу туралы хабарланды.

Қазақстанда зор әлеуеті бар жаңартылатын және баламалы энергия көздері (ЖЭК) бағытын талқылауға ерекше назар аударылды.

Қазақстан Президенті Кеңес мүшелерін «жасыл» жобаларды жүзеге асыру, ESG инвестициясын тарту және БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдарды жандандыруға шақырды.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің тең төрағасы, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо 2022 жылы Қазақстан мен ЕҚДБ арасында ынтымақтастықтың орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Осы жылдар ішінде Банк ұлттық экономиканың түрлі салаларындағы 300-ге жуық жобаға 10,3 млрд АҚШ долларын инвестициялады.

ЕҚДБ басшысы сондай-ақ Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін өз өңірінде бірінші болып алғанын атап өтті.

Қазақстанда жұмыс істейтін ірі корпорациялар мен компаниялардың басшылары ұлттық экономиканың «жасыл» секторларына инвестицияларды және көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі жобаларды кеңейтуге ниет білдірді.

Қазақстан экономикасын әртараптандыру мақсатын ескере отырып, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамында өзгерістер енгізілді. Жақында Кеңес құрамы энергетика және өнеркәсіп салаларындағы «Microsoft» (IT), «Air Liquide» (техникалық газдар өндірісі) және «Baker Hughes» (энергетика және өнеркәсіп) сияқты әлемдік алпауыт компаниялардың жаңа өкілдерімен толықты.

ҚР СІМ