ҰЛЫС ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

Көктем мезгілінде барша тіршілік атаулыға жан бітіп, Жер Ана әлемді шуаққа бөлейді. Қыс бітіп, қар еріп, жер бетінен сыз кетеді. Жаймашуақ көктемде табиғат жаңарып, өзгеше күйге енеді. Пана іздеп, жылы жаққа ұшып кеткен құстар өз мекеніне қайта оралып, шықылықтап, жер бетін әсем күйге бөлейді.  Мұндай әсем күй жан-жануарларды ұйқысынан оятып, жаңа өмірдің басталғанынан хабар береді.

Ызғары қатты қыс мезгілінде тоқтап қалған қызу тірлік көктемде қайта басталады. Себебі, көктем үміт пен жақсылыққа толы мезгіл. Жылдың осы мезгілінде қазақтың төл мейрамы 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні тойланады. Бұл күні ақ түйенің қарны жарылып, ақтан шашу шашылады. Туған-туыстың арасында кек немесе араздық болса, дәл осы күні сол жағымсыз жайттың бәрі ұмытылады. Адамдар бір-бірімен көрісіп, төс қағыстырып, қыстан аман-есен шыққандарына тәңірге алғыс білдіреді.

Биыл Ұлыстың ұлы мейрамы ауданымызда ерекше аталып өтті. Аудан әкімі Бағлан Тәнекенов салтанатты жиынға жиналған қауымды жыл бастау мейрамымен шын жүректен құттықтап, барша қазақстандықтарға ақ тілегін білдірді. Сонымен қатар Бағлан Сағындықұлы ауданымыздың алға басуына елеулі еңбек етіп жүрген Қасен Мұстафанов пен Күләш Ниязбековаға Ескелді ауданының Құрметті азаматы атағын беріп, шапан жауып, гүл шоқтарын табыстады.

Шара барысында аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен рухани азық берер қойылым қойылды. Қойылым барысында Қыдыр ата барша жиналған қауымға ақ батасын беріп, елімізге ынтымақ пен бірлік тіледі. Сонымен қатар мерекенің сәнін келтіру мақсатында ән мен биден шашу шашылды.

Орталық алаңға қазақ үйлер тігіліп, қазан қайнатылып, барша халыққа Наурыз көжеден дәм ұсынылды. Өңір басшысы Бағлан Тәнекеновтің тапсырмасы бойынша Қарабұлақ ауылында тұратын барлық көпбалалы отбасылар мерекелік жиынға шақырылды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгеруші Айжан Серікқызы ауылымызда тұратын 166 көпбалалы отбасыларына арнайы шақырту қағаздарын жіберген. Ұлыс тойын тойлауға келген халықтың қарасы көп болды. Олар алаңда тігілген қазақ үйлерге бөлініп, ұлы астан дәм татты.

Ұлыстың ұлы тағамы Наурыз көженің ең дәмдісін анықтау мақсатында комиссия мүшелері құрылды. Орталықта тігілген қазақ үйлерден дәм татқан комиссия мүшелері бас жүлдені Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Халықты жұмыспен қамту орталығына, I орынды Тұрғын-үй коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Ескелді су құбыры, II орынды аудандық Білім бөлімі, III орынды Құрылыс бөлімі мен Сәулет және қалақұрылыс бөлімі, Қаржы және бюджетті жоспарлау бөлімі мен Экономика бөлімі, «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» бөлімдеріне беріп, оларға бағалы сыйлықтар табыстады. Ал қалған бөлімдер ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Сондай-ақ аудандық денешынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен спорттық ойындардан жарыс өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.

Кең далада тігілген қазақ үйлерден дәм татқан  әрбір жан ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жақсы күңіл-күймен тарқасты. Ауданымызда тойланған Ұлыс тойы жиылған қауымға ұмытылмас әсер сыйлады. Жыл басының мерекесі Ұлы даламызға тек жақсылық әкелгей.

Алима НҮСІПОВА