Тәуелсіз еліміздің рәміздері

Кез-келген мемлекет — өз Елтаңбасымен еңселі, гимнімен айбатты, туымен тұғырлы. Әр халықтың қалыптасу, даму жолында өзіне тән ерекшеліктері, қасиет тұтып ардақтайтын киелі құндылықтары бар. Ол тарихи құндылықтарға дақ түсірмей күтіп ұстау, түпкі мән-мағынасын зерделеп жарыққа шығару, жастарға ұдайы насихаттау қай мемлекетте болмасын маңызды мәселелердің біріне айналғаны мәлім. Атақты ағартушы, ғалым Шоқан Уәлиханов та «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде: «Қазақтар киеге үлкен мән береді», – депті. Халқымызда: «киіктің де киесі бар», «иттің – иесі болса, қасқырдың – тәңірі бар» деген мақал-мәтел бар. «Қазақ энциклопедиясында»: «Кие – қандай да бір заттың немесе тіршілік иесінің қасиеттілігін, жоғары тылсым күшін білдіретін ұғым», – деп жазыпты. Ендеше ол санаға ертеден сіңіп, қалыптасып қалғандықты білдіреді. Олай болса, Отанға, елге деген құрмет, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерге деген әрбір азаматтың жүрек соғысынан танылуы қажет. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Гимн және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген. Ол — елдің, ұлттың ұғымында да берік қалыптасқан киелі ұғым. Ол — бүгіннің ғана тапсырмасы емес, ата-бабамыздан жалғасқан қастерлі аманат. Отаншылдық, мемлекетшілдік, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ол азаматтың бойында мемлекетіне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл толуына арналған «Тәуелсіз еліміздің рәміздері» атты зияткерлік сайыс Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Ескелді аудандық филиалында ұйымдастырылды. Тыңдаушыларға Қазақстан Республикасының Мемлекет- тік рәміздері туралы толығырақ ақпарат бере отырып, оларды ерекше құрметтеп, мақтан тұтуға шақыру, өз Отанына, рәміздеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету мақсатында өткізілген сабақта рәміздер, оның тарихы туралы қызықты ақпараттар тыңдалды, қатысушылар екі топқа бөлініп, сұрақтарға жауап берді, мақал-мәтелдердің жалғасын тапты, сөзжұмбақ шешті. Сайысқа топтар зор белсенділікпен қатысып, шеберліктерін паш етті. Сайыс соңында қатысушы топтарға филиал атынан алғыс хат табысталды.

Назгүл Жұмаханқызы, филиал оқытушысы